Жөндеу көрген жолдардың жыл өтпей жарамсыз болатыны қалай

0 222
Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков Меркі ауданында арнайы іссапармен болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Махметғали Нұрғалиұлы Меркі ауылында жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Аудан әкімі Руслан Нұрсипатов аталған сауда орнында азық-түлік өнімдері базар нарқынан 15-20 пайыз арзанға ұсынылатынын, халыққа қажетті тұрмыстық тауарлардың барлығы тұрғындар үшін қолжетімді бағада саудаланып жатқанын, баға үнемі аудан атқамінерлерінің бақылауында тұрғанын жеткізді.

 

Бұдан кейін Махметғали Нұрғалиұлы өткен жылы күрделі жөндеуден өткен №48 мектептің жай-күйімен танысты. Аталған білім ордасы жаңарғанымен, оқушылар санының көптігіне байланысты қосымша оқу ғимаратын және спортзал салуды қажет етеді. Гранитор елді мекеніне де ат басын бұрған облыстық мәслихат хатшысы ондағы былтыр бой көтерген мектепке бас сұқты. Бұл білім мекемесінің құрылысын жүргізу барысында мердігерлер тарапынан бірқатар кемшілік жіберілген болатын. Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы Руслан Маратұлының тапсырмасы бойынша аталған мәселеге қатысты тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Мұндағы білім ордасына да акт зал мен шағын орталық қажет екен. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, басқармаға жолданған. Махметғали Нұрғалиұлы өз кезегінде бұл ұсыныстар бойынша барынша қолдау көрсетілетінін сөз етті.

Іссапар барысында ауданның жалпы ахуалымен таныса жүріп, экономикаға тікелей әсері бар өндіріс орындарына да қайырылды. Соның бірі – «Меркі ірімшік» зауыты. Бұл өндіріс орнында қазір 90 адам тұрақты түрде жұмыс істесе, маусымдық жұмыс уақытында адам саны 120-130-ға дейін барады. Онда өңделген сүт өнімдері еліміздің бірқатар аймағына жөнелтілетіні белгілі. Зауыт директоры Дәулет Айтөленовтің айтуынша, қазіргі таңда шикізат өңдейтін қондырғылар жаңартуды қажет етеді. Бұл мәселе бойынша қажетті шаруалар атқарылып, «Бәйтерек» қоры арқылы қаражат қарастырылу үстінде екен. Сонымен қатар алдағы уақытта ірімшік зауытында балмұздақ өндірісін жолға қою жоспарланыпты.

Махметғали Нұрғалиұлы Екпінді ауылында өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Жандосов көшесінің жағдайымен де танысты. Аталған көше жөндеуден былтыр ғана өткенімен, сапасы сын көтермей тұр. Бұл ретте Руслан Маратұлы көшеге қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Іссапарының соңында Махметғали Нұрғалиұлы аудан әкімдігінде қорытынды жиын жасады. Онда Руслан Маратұлы «Nur Otan» партиясының облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жасалған жол картасының Меркі ауданында орындалу барысын баяндады. Сайлауалды бағдарламадағы 7 басымдық пен 68 индикатор бойынша атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды тілге тиек етті.

Меркі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ARAY.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.