Жеңілдікпен автонесие алу үшін қаржы қашан бөлінеді?

0 321

Қазақстандық көлік нарығындағы өсім 35 процентке жеткен. «Қазавтопром» одағы өкілдерінің айтуынша, отандастарымыз арасында негізінен бағасы арзан және шетелдік темір тұлпарлар сұранысқа ие.

Осы тұста «импорттық көліктер тапшылығына қарамастан шағын кроссоверлерге де сұраныс жоғары» дейді мамандар. Бірақ шетелдік көліктерді Республикамызға жеткізу уақыты ұзарған.

Артур Мискарян, «Қазавтопром» одағы басқарма төрағасының орынбасары:

— Импорттық көліктерді күту уақыты оның түріне, құрылымына байланысты екенін ескеру керек. Соңғы уақытта шетелдік темір тұлпарлардың жеткізілу мерзімі ұзарғаны байқалады. Бұл саладағы өндіріс тізбегінің бұзылуымен байланысты. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде көліктерге арналған микросхемалар зауыттарының жұмысы уақытша тоқтап тұрды. Сол сияқты басқа бөлшектердің өндіріс қуаттылығында өзгерістер байқалды. Салдарынан темір тұлпарларды құрастыру мерзімі ұлғайған. Бұған қарамастан отандық көлік нарығы өсіп келеді. Бағалар да көтерілген. Былтыр көліктер 20 процентке қымбаттауы тіркелді.

Қазақстандықтар жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бөлінетін кезекті ақша аударымын күтіп отыр. Жыл басынан бері жеңілдетілген несиемен тек 302 отандық көлік сатылған. Өткен жылдың осы кезеңінде 21 мыңнан астам көлік осы бағдарлама арқылы несиелендірілді. Бұл Қазақстан Даму Банкінің дерегі.

Өткен жылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 20 млрд теңге бөлінді. Ұлттық Банк бұл бағдарламаға 2019 жылдан бастап 2023 жылға дейін жыл сайын осыншама көлемде қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған еді.

Алайда осы жылға арналған қаражат қашан түсетіні әзірге белгісіз. Ал бұған қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былай деп жауап берді:

«Биыл Ұлттық банк қаражатынан 20 млрд теңге көлемінде кезекті транш жіберу көзделген еді. Бірақ ақша әлі түспей отыр. Біз Қазақстанның Даму Банкіне қаржы мейілінше тез бөлінеді деп үміттенеміз».

Сондай-ақ бағдарламаға қатысатын ЕДБ арасында қаржыны бөлу туралы шешім қабылданғаннан кейін жұртшылықты хабардар етуге уәде берді.

Еске салайық, жеңілдетілген несиемен алынатын көліктерге арнайы талаптар қойылады. Ол Қазақстанда жасалуы тиіс. Құны 15 миллион теңгеден аспайтын темір тұлпар болуы да шарт. Сонда ғана көлікті сатып алу үшін жылдық мөлшерлемесі 4 процент болатын жеті жылға дейін несие беріледі.

Қазақстанда жасалған электромобильдер енді экотакси түрінде қолданылады. Мысалы, Медеу-Шымбұлақ бағытына электр қуатымен жүретін көліктер қатынамақ. Осы мақсатта сегіз көлік қызмет көрсетеді. Қазір мұндай көліктерді жылдам қуаттайтын электр станцияларын салу аяқталды. Экотакси аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін іске қосылады.

Айта кету керек, экотакси қызметін Қазақстанда шығарылған электр көліктер атқарады. Болжам бойынша электромобильдермен шаңғы базасына жылына 150 мыңнан астам адам қатынайды. Бұл туралы Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы хабарлады.

Алдағы бес жылда әлемде сатылатын көліктердің жартысынан көбі электромобильдер болмақ. Бостон Консалтингтік тобы осындай болжам жасады.

Өткен жылы компания сарапшылары бұл көрсеткішке тек 2030 жылға қарай қол жеткізуге болады деп мәлімдеген. Бірақ пандемия кезінде электр қозғалтқыштарға сұраныс артты. Сондықтан мамандар өз болжамдарын қайта қарап, осындай тоқтамға келіпті.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 426 теңге 14 тиын, еуро 517 теңге 8 тиын, рубль 5 теңге 74 тиын.

alashainasy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.