Жылқының қиын да қажетке жаратуға болады
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Адия Ағеділова мен Әсем Амангелдина жасаған жылқы қиынан қағаз алу жобасы халықаралық INSPO ғылыми жобалар байқауында ІІІ орынға ие болды.
Бұл жарысты 2007 жылдан бері Түркия мемлекеті ұйымдастырады. Оралдық жас зерттеушілер табиғи қорды сақтау, қалдықты қайта өңдеу мақсатында жылқы көңінен қағаз алу жолын ұсынды. Жас ғалымдар жылқы көңінің негізінен ағаш құрымында кездесетін целлюлозадан тұратынына назар аударған. Бұл бағалы және сұранысқа ие материалдарды синтездеу үшін жануардың қиынан қажетті ағаш массасын бөліп алу үшін бірнеше химиялық зат қана керек екен.
Авторлардың айтуынша, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, жобаның теориялық және эксперименттік бағыты талданған.
Зерттеу жұмысы қазылар алқасы мүшелерінің ерекше қызығушылығын тудырған. Өйткені бұл жоба қағаз жасау технологиясы, оның орман қорына әсері, баламалы шикізатты қолдану мүмкіндігі және қағазды үнемдеу мәселелері туралы білімді біріктіреді. Осыған орай байқаудың қазылар алқасы Адия мен Әсемге арнайы сыйлық – MILSET халықаралықіс-шарасына шақыру берген.
– Қағаз үлгілерін алуда механикалық әдістер қолданылды, сондықтан арнайы қағазды бастыру құралдары мен желім, қоспаның көмегімен сапасын әлі де жақсартуға болады. Ал мына үлгінің сапасы майлық пен дәретхана қағаздары сипаттамалары бойынша қанағаттанарлық,– дейді Адия.
Ғылыми жобаның нәтижелері мен қорытындысы негізінде оқушылар қағазды алу технологиясы, оның ағаш ресурстарына әсері, балама шикізатты қолдану мүкіндіктері, қағазды үнемдеу мәселелері туралы оқушылардың экологиялық, экономикалық сауаттылығын арттыру мақсатында мектептерде сыныптан тыс шараларды жиі өткізуді ұсынады.
Алдағы уақытты жылқы көңінен қағаз алу кезеңдерінде толықтырғыштар, желімдер арқылы оның қасиеттерін жақсарту, жыртылуға төзімділігі, ылғалды ортада ісінуі (гидрокеңеюі), оптикалық қасиеттерін стандартты сынамалар арқылы тексеруді көздеп отыр. Сонымен қатар жылқы көңінен алынған целлюлозаны ыдырату арқылы биогаз алу жолын зерттеу және оның экономикалық есебін шығару да алдағы күннің еншісінде. Бұл бағыттағы зерттеу баламалы энергия көзін алу мәселесінің шешімін табуға мүмкіндік береді, себебі метан бензинге қарағанда экологиялық тиімді, ал сутекке қарағанда үш есе энерготиімділігі жоғары және қауіпсіз тасымалдау мүмкіндігі жоғары. Мал шаруашылығы дамыған біздің еліміз үшін бұл жаңалықтың практикалық тиімділігі де ерекше болмақ.