Айтылды-Орындалды: Халық зейнетақының бір бөлігін пайдалана алады

0 381

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында зейнетақының бір бөлігін қолдануға қатысты Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы қалай орындалып жатқаны жөнінде мәлімет берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған Жолдауында: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы 2021 жылы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деген еді.

Бүгінде тапсырмаға сәйкес 761 мыңнан астам салымшы өз жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алды.

БЖЗҚ салымшылардың арнайы шоттарына 1,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.

Соның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға – шамамен 1,187 трлн теңге;

— емделуге – 4,6 млрд теңгеден астам;

— зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы 1230 өтініш орындалып, шамамен 2,8 млрд теңге компанияларға аударылды.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы биылғы жыл басынан бастап берілді. Президент зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға 2 қаңтарда қол қойды.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.