Қазақстанда әскерге шақыру кезінде көшеден ұстап әкетуге бола ма: Ер азаматтар нені білу керек

0 75

Көшеде келе жатқан жерінен ұстап, әскери комиссариатқа алып кету заңды ма? Қазақстанда 1 қыркүйектен басталған күзгі әскерге шақыру науқаны аясында бұл сұрақ қайта көтерілді. Stan.kz тілшісі азаматтарды әскерге шақыру кезінде оларды ұстауға және мәжбүрлі түрде жеткізуге қандай жағдайда рұқсат етілетінін анықтады.

Бұл мәселе қоғамда бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Әскерге шақырылған азаматтардың көшеде ұсталғаны немесе әскери басқарма органдарына күштеп жеткізілгені туралы оқиғалар әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді.

Елорда тұрғыны әскерге шақыру комиссиясының жұмысына шағымданды. Әйелдің айтуынша, оның ұлын көшеде жүрген жерінен ұстап, әскерге алып кеткен. Бұл жағдайға қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Әйелдің айтуынша, шетелдік университетті енді ғана тәмамдаған ұлын көшеде жүрген жерінен әскерге алып кеткен. Кейін оның бірнеше күн бойы іздеуде болғаны анықталған. Алайда елорда тұрғынының сөзінше, бұл туралы оған да, ұлына да алдын ала ешкім ескертпеген.

«Олардан бір рет те шақырту алған жоқпыз. Қылмыскер адамды ұстағандай қамап қойды, шығармай отыр. Мені ең қатты ашуландырғаны – әскери комиссариат өкілдерінің ешқайсысы оның іздеуде жүргенін хабарламағаны. Мұны 102 және 109 қызметтеріне хабарласқан кезде ғана білдім», – деді жігіттің анасы.

Әйелдің айтуынша, өзі де, ұлы да оның әскерге баруына қарсы емес. Алайда алдымен жас жігіт Минскіге барып, грант бойынша міндетті жұмысын өтеуі керек болған.

Дәл осындай жағдай былтыр да болған еді. 4 маусымда Назарбаев университетінің (Foundation) нөлінші курс түлегін көшеде ұстап, күштеп әскерге алып кеткен. Жас жігіттің туыстарының айтуынша, ол тек ағасына қоңырау шалып үлгерген, содан кейін онымен байланыс үзілген. Туыстары жігіттің алдымен Қонаевқа, содан кейін Қарағандыға мерзімді қызметке жіберілгенін анықтады. Бұл оқиға үлкен резонанс тудырды. Көптеген қазақстандықтар болған оқиғаны озбырлық деп атады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында да осындай жағдай орын алған еді. Әскери киім киген адамдар бірнеше жас жігіттерді күштеп алып кеткен.

“Маған әпкем хабарласып, ұлын әскери қызметкерлер әскерге алып кеткенін айтты. Жиенім жұмыстан үйге келе жатқан еді. Оны тоқтатып, әскери комиссариат өкілдері әскерге алып кетті. Ол әскерге жарамсыз адам, өйткені кезінде әкесімен бірге апатқа ұшыраған. Сол мезетте әкесі қайтыс болды, ал ол жол апатынан екі аяғын да сындырып алды. Бізде дәлел ретінде барлық құжаттар бар,» – деді жігіттің ағасы сынықтары бар рентгенді көрсетіп

Расширенная search функциональность экономит время при поиске. Используйте Kraken магазин с продвинутыми фильтрами поиска для быстрого наождения нужны товаров.

Заңгер бұл туралы не дейді?

Stan.kz тілшісі әскерге шақырту заң жүзінде қалай болу керектігін сұрады. Заңгер Бауыржан Азановтың сөзінше, азаматты көшеден немесе жұмыс орнынан ұстап, заңда белгіленген рәсімдерден өткізбестен бірден әскери бөлімге алып кетуге болмайды.

“Алайда қағаз түріндегі шақыру қағазының болмауы азамат мүлде шақырылған жоқ дегенді білдірмейді. Әскерге шақыру телефонына хабарлама болып та келуі мүмкін.  Азамат медициналық куәландыруға, қосымша медициналық тексеруге, шақыру комиссиясының отырысына немесе әскери бөлімге жөнелту үшін шақырылуы мүмкін. Бұлар — шақыру рәсімінің бөлек кезеңдері. Әскери бөлімге жөнелту үшін азамат медициналық куәландырудан өтуге, ал шақыру комиссиясы оның әскери қызметке жарамдылығы, кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздерінің бар-жоғы туралы мәселені қарап, оны әскери қызметке шақыру жөнінде шешім қабылдауға тиіс. Осы рәсімдерсіз азаматты көшеден бірден әскери бөлімге алып кету заңсыз болады”, – деді заңгер.

Заңгердің сөзінше, заңда әскерге шақыру жасындағы барлық азаматтарды көшеден жаппай ұстап әкетуге мүмкіндік беретін «көше рейді» деген дербес құқықтық рәсім жоқ. Сондай-ақ көшеде әскери киім киген адамдар күштеп азаматты алып кетпекші болған кезде заң бойынша не істеу керектігін айтты.

“Азамат қызметкерлерден өздерін таныстыруды, қызметтік куәліктерін көрсетуді, оны тоқтатудың және алып барудың нақты құқықтық негізін түсіндіруді талап етуге құқылы. Ол өзінің қандай да бір шақыру бойынша келмегенін, шақыру қағазының қашан, қайда және қандай тәсілмен жіберілгенін, оның алынғанын немесе оқылғанын растайтын қандай мәлімет бар екенін сұрай алады. Егер азаматқа қатысты шақыру комиссиясының шешімі қабылданған болса, Заңның 28-бабына сәйкес ол осы шешімнің көшірмесін талап етуге құқылы. Шақыру комиссиясының шешімі азаматқа бір күн ішінде жариялануға, ал азаматтың қалауы бойынша шешімнің көшірмесі оның қолына берілуге тиіс”, – дейді заңгер.

Егер күштеп алып кетсе не істеу керек:

  • Құқықтық негізін сұраңыз

Егер әскери қызметке шақыру кезінде жүріп-тұру бостандығыңыз іс жүзінде шектелсе, ең алдымен сізді не себепті алып бара жатқанын және бұл әрекеттің құқықтық негізін түсіндіруді талап етіңіз.

  • Адвокат шақырыңыз

Құқықтарыңыздың шектеліп жатқанын сезсеңіз, адвокат шақыруға құқығыңыз бар. Сонымен қатар туыстарыңызға қайда және қандай себеппен жеткізіліп бара жатқаныңызды хабарлауды талап ете аласыз.

  • Кейінге қалдыру немесе босату құжаттарын көрсетіңіз

Егер денсаулық жағдайыңызға, оқуыңызға, отбасылық жағдайыңызға немесе басқа да себептерге байланысты әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға не одан босатылуға негіз болса, оны растайтын құжаттарды бірден көрсетіңіз.

  • Құжаттарды қабылдамаса — тіркетіңіз

Құжаттарыңызды қабылдаудан бас тартса, оларды жазбаша өтініш арқылы беріп, өтініштің тіркелген нөмірін алыңыз. Бұл кейін өз құқығыңызды қорғау кезінде маңызды болуы мүмкін.

  • Күш қолданбаңыз

Қызметкерлерге күш қолдануға немесе олардың заңды талаптарына күшпен қарсылық көрсетуге болмайды. Мұндай әрекет өзіңізге қосымша құқықтық мәселелер туындатуы мүмкін.

  • Оқиғаны тіркеңіз

Қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірмей, оқиғаны бейнетіркеуге, сондай-ақ куә болған адамдардың аты-жөні мен байланыс деректерін жазып алуға болады.

  • Қажет болса, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз

Құқықтарыңыз бұзылды деп есептесеңіз, 102 нөміріне, прокуратураға немесе адвокатқа хабарласыңыз.

Кей кезде азаматтарды жұмыс орнынан күштеп алып кетіп жатқанын естіп жатамыз. Ондай жағдай көбіне дүкендерде, базарларда, кафе мен фаст-фуд сататын жерлерде болып жатады. Заңгер Бауыржан Азанов ол кезде де күштеп алып кетуге өкілеттігі жоқ екенін түсіндірді.

“Заңның 30-бабына сәйкес қағаз түріндегі шақыру қағазы азаматтың жұмыс орнына жіберілуі және ұйым басшысы арқылы оған қол қойғызып табысталуы мүмкін. Жұмыс берушінің міндеті — шақыру қағазын қызметкерге табыстау, оның шақыру бойынша жергілікті әскери басқару органына баруына кедергі келтірмеу және заңда көзделген еңбек кепілдіктерін сақтау. Бірақ жұмыс берушінің қызметкерді күштеп ұстауға, оны автокөлікке отырғызуға немесе әскери басқару органына мәжбүрлеп тапсыруға өкілеттігі жоқ”, – деп мәлімдеді заңгер.

Сөз соңында жалпы азаматтарды көшеден күштеп алып кету дұрыс немесе бұрыс екенін түсіндірді. Заңгердің сөзінше, бұл әрекеттің заңдылығы әрбір нақты жағдайдың мән-жайына байланысты анықталады.

“Егер азамат тиісті түрде шақырылмаса, шақыру бойынша келмеді деген мәлімет болмаса және оның бостандығын шектеудің басқа да заңды негіздері жоқ болса, оны тек әскерге шақыру жасында болғаны үшін көшеден ұстап алып кету заңсыз. Егер азамат тиісті түрде хабарланғанына қарамастан белгіленген уақытта келмесе, заңның 30-бабына сәйкес оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органына жүктеледі. Бірақ бұл азаматты бірден әскери бөлімге жіберуге болады дегенді білдірмейді. Медициналық куәландыру, шақыру комиссиясының шешімі және әскери бөлімге жөнелтудің басқа да міндетті рәсімдері сақталуға тиіс”, – деп қорытындылады заңгер.

Заңгердің айтуынша, азамат өз аяғымен әскери комиссариатқа бармаса, оны қай жерде болсын күштеп алып кету заңсыз болып есептеледі.

Қорытындылай келе, әскери қызмет атқару — Қазақстан Республикасы азаматының Конституцияда белгіленген міндеті. Бірақ бұл міндет мемлекеттік органдарға азаматтың жеке бас бостандығын негізсіз шектеуге немесе шақырудың заңда белгіленген тәртібін елемеуге құқық бермейді. Азамат шақырудан жалтармауға міндетті, ал мемлекеттік органдар оны тиісті түрде хабардар етуге, медициналық куәландырудан өткізуге, шақыру комиссиясының заңды шешімін қабылдауға және шағымдану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.

Әскери қызметтен кімдер босатылады?

1. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар. Дәрігерлер төмендегідей белгілер бойынша азаматтардың жарамдылық санаттары туралы қорытынды шығарады:

  • А – әскери қызметке жарамды;
  • Б –  әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
  • В – медициналық тексеруге (емдеуге) мұқтаж;
  • Г – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
  • Д – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
  • Е – әскери есептен шығарылғандықтан, әскери қызметке жарамсыз.
  • 27 жасқа толған, заңды негiзбен мерзiмдi әскери қызметке шақырылмағандар;

2. Туысының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапса немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленсе;

3. Басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызметтен өтсе;

4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерсе;

5. Ғылыми дәрежесi бар азаматтар;

6. Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері.

Stan.kz

Фото: Қорғаныс министрлігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.