Павлодарлық әйел үшем босанды
ашық дереккөзден
Павлодар облысында Түсіпбековтер отбасы бірден үш сәбиді қарсы алды. 34 жастағы Елдана Дүйсенова 10 тамызда бір қыз бен екі ұлды дүниеге әкеліп, жеті баланың анасы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
21 тамызда ана мен сәбилер Павлодардағы перинаталдық орталықтан үйіне шығарылды.
Ерлі-зайыптының бұған дейін төрт баласы болған. Олардың үлкені 14 жаста болса, кенжесі үш жаста. Елдана Дүйсенованың айтуынша, жүктілік табиғи жолмен болған.
Отбасы тағы бір қызды жоспарлағанымен, тағдыр оларға бірден үш сәбиді сыйлаған.
Нәрестелер араға небәрі екі минут салып дүниеге келген. Алдымен салмағы 2408 грамм Елнара, кейін екі келіден сәл асатын Елнияр мен Елдияр өмірге келген.
«Бұл біздің отбасымыз үшін үш еселенген бақыт. Әрине, өте қуаныштымын», – дейді отағасы Ермек Түсіпбеков.
Отбасының тағы бір ерекшелігі – барлық баланың есімі «Е» әрпінен басталады. Мұндай дәстүр тұңғыштары Ермағамбет дүниеге келген кезде басталған.
Ермек Түсіпбеков патрульдік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Ал Елдана декреттік демалысқа дейін Павлодар ауданындағы балалар өнер мектебін басқарған.
Қазір жеті балалы отбасы төрт бөлмелі жеке үйде тұрады. Болашақта олар баспанасын кеңейту үшін ипотека рәсімдеуді жоспарлап отыр.
Алғашқы уақытта үшемді күтуге олардың әжелері көмектеспек.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287167-pavlodarlyq-aiel-usem-bosanyp-zeti-balanyn-anasy-atandy