Қазақстанда несие тарихының мерзімі қысқартылады

0 387

Коллекторлық агенттіктер енді өткеннің еншісінде қалатын болды. Бүгін сенаторлар қабылдаған заң оларға бөгде адамдардың телефон нөмірлерінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесіне бейне және аудио түрінде жазба жүргізуге міндетті болады. Сенаторлардың пікірінше, бұл норма коллекторлар тарапынан дөрекі сөйлесу немесе заңнаманы бұзудан сақтайды.

Сонымен қатар, несие тарихы нашар адамдар енді аса қажет болған жағдайда несие ала алады. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде қабылданған түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады.

«Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен 10 жылда қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандастарымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік алады», — деді сенатор Ольга Перепечина.

Заңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.