Батыс Қазақстан облысында блокбекеттер орнатылады

0 326
Батыс Қазақстан облысында карантин шаралары күшейтіледі. Өңірдің бас мемлекеттік санитария дәрігері жаңа қаулы шығарды. Құжат 2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді.
 

Блокбекеттер Орал қаласынан, Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Теректі, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарына кіріп-шығатын жерлерде орнатылады. Бұл өңірлер қазір «қызыл» аймақта.

Блокбекеттен кедергісіз өтуге тіршілікті қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, медициналық себептер бойынша өтіп бара жатқан адамдар, транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар, вахталық жұмысшылар, көктемгі далалық жұмыстар, төтенше жағдай, жол құрылысымен айналысатын және басқа да санаттағы көліктерге рұқсат етіледі.

 

Тұрғындардың 0:00-ден таңғы 6:00-ге дейін көшеде жүруіне тыйым салу да сақталады.«Егер көрсетілген уақытта көшеге шығу қажет болса: жеке көлігімен дәріханалардан дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу үшін, шұғыл жағдайда медициналық мекемеге бару үшін, сондай-ақ түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар 109 телефоны арқылы өтінім қалдыруы керек немесе stopcovid.kz сайтына тіркелуі қажет», — делінген құжатта.

Айта кетейік, бір айдан аса уақыт бойы БҚО коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл» аймақта тұр. Жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев жағдай жақсармаса, карантин қатаңдатылатынын айтқан.

tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.