Семей? Қаланың сиқы кетіп қалды. Қазір аудан сияқты – Олжас Сүлейменов
“Революцияға дейін Семей қазақ даласының бас қаласы болды. Сол кездегі интелегенция өкілдері осы шаһарға жиналды. Алыптар туған өлке қазақ ақыл-ойының ордасы еді. Алашорданың өкілдері, Семей шаһарын болашақта Қазақстанның астанасы болса екен деген арманы болғанын жасыра алмаймыз. Алайда уақыт өте келе Семей жері адам сенгізсіз қиындықтарға тап болды”, – дейді ақын.
Семейдің бүгінгі ахуалына алаңдаған ақын қазақтың рухани астанасы 40 жыл бойы ядролық сынақ алаңына айналып, астаң-кестеңі шыққанына тілге тиек етті. Оның пікірінше мұның зардабын бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Осы зұлматты тоқтату үшін Сүлейменов бастаған белсенді топ “Невада-Семей” антиядролық қозғалысын құруға мұрындық болған.
“Мәскеу қаласында сынақтардың адам өміріне, қоршаған ортаға орасан зор зардабын айта келе, Лев Толстой өмір сүрген Ясная поляна Орыс халқы үшін қандай қымбат болса, алыптар дүниеге келген қазақ үшін де Семей де руханияттың ордасы екенін тілге тиек еттім. Міне осындай жерде ядролық қаруды сынау, полигон жасау бұл ұлтқа, мәдениетімізге, тарихымызға деген құрметсіздік деп жеткіздім”, – дейді Сүлейменов.
Ақын Семейдің сиқы кетіп, қатардағы аудан деңгейіне түсіп қалғанына қынжылыс білдірді.
“Иә, Семей ядролық полигоны жабылғанда, қала облыс орталығы болатын. Қазір аудан сияқты. Бұл қандай прогресс? Екі жыл бұрын Семейде болдым. Жайқалып тұрған шаһарды көрмедім. Халықтың көңіл күйі де түскен.
Семей біздің рухани астанамыз емес пе? Қаланың маңыздылығын жоғалтпай, қалпына келтіріп, тарихи статус мәртебесін бекіту керекпіз. Тарихи әділдік орнап, Семейдей шаһардың қадірін білейік. Кеш қалып жүрмейік. болашағы жарқын болса екен деймін”, – дейді ол.