«Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа көзқарас» атты әлеуметтік зерттеу жүргізілді

0 7

Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа көзқарас» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізілді.

Зерттеудің мақсаты – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарасын анықтау, құқықтық сауаттылық деңгейін зерделеу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету болды.

Зерттеу жұмыстары 2026 жылдың маусым айында Қордай ауданы аумағында ұйымдастырылды. Сауалнамаға аудан жастары, жоғары сынып оқушылары, студенттер және тұрғындар қатысып, өз пікірлерін білдірді. Сауалнама қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын аумақтарда және түрлі бұқаралық іс-шаралар барысында өткізілді. Сонымен қатар QR-код арқылы онлайн форматта қатысу мүмкіндігі де қарастырылды.

Зерттеу барысында 502-ден астам респондент қамтылып, олардың сыбайлас жемқорлық туралы түсінігі, оған деген көзқарасы, жемқорлық тәуекелдері туралы хабардарлығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысуға дайындығы зерттелді.

Сауалнама нәтижелері жастардың басым көпшілігі сыбайлас жемқорлықты қоғам дамуына кедергі келтіретін жағымсыз құбылыс ретінде бағалайтынын көрсетті. Қатысушылар адалдық, әділдік, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарын қолдайтындарын білдіріп, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік танытты.

Зерттеу қорытындысы бойынша алынған деректер сараланып, талдамалық ақпарат әзірленді. Сонымен қатар қоғамның назарын адалдық пен парасаттылық құндылықтарына аударуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған зерттеу жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, құқықтық мәдениетін нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болды.

«Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі алдағы уақытта да Қордай ауданында адалдық қағидаттарын насихаттау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.