Қытайлық блогер бұлтты суретке түсіріп миллиондап ақша тапқан

0 34

сурет: Sina
Қытайлық блогер бір ай бойы тау шыңында тұрып, таңғы тұман мен бұлтты видеоға түсіргені үшін салыққа дейін 60 мың юань алды. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 4,1 млн теңге, деп хабарлайды turkystan.kz scmp.com-ға сілтеме жасап.

Ерекше жұмыстыХэнань провинциясындағы Лаоцзюньшань туристік аймағы жариялаған. Жұмыс беруші «бұлт көрінісін бақылаушыға» тегін жатын орын мен тамақ ұсынған. Оның негізгі міндеті күн сайын табиғатты бақылап, кемінде бір қысқа видео әзірлеп жариялау болған.

Бір айлық жұмысқа 3 587 адам үміткер болған. Олардың арасынан әлеуметтік желіде Xiaozao лақапатымен танылған Ли Сычэнь таңдалды. Электрондық коммерция мамандығын тәмамдаған жас блогердің байқауға ұсынған видеосы 86 мыңнан астам лайк жинаған. Ли 16 шілдеден 15 тамызға дейін Лаоцзюньшань тауының шыңында тұрды. Бұл жер Қытайдағы әйгілі даосизм орталықтарының бірі саналады және тұман басқан тау көріністерімен танымал.

Сырттай қарағанда бұл жұмыс таудың басында демалып, әдемі табиғатты тамашалаумен ғана байланысты көрінуі мүмкін. Алайда блогердің айтуынша, күн тәртібі әлдеқайда күрделі болған.

Ол күн сайын таңғы сағат 5:00 шамасында оянып, күн шықпай тұрып түсірілімге кіріскен. Кей күндері күн батқаннан кейінгі жарық шоуына дейін жұмыс істеп, бір көріністі бірнеше бұрыштан видеоға түсірген. Кейін материалдарды сұрыптап, өңдеп, түсін реттеп, белгіленген мерзімде жариялауы қажет болған.

Ауа райы қолайсыз болған күндері жұмыс қиындай түскен. Қалың тұман, жаңбыр немесе бұлттың болмауы жоспарланған видеоны түсіруге кедергі келтірген. Ли алғашқы уақытта роликтері көрерменге ұнамай қала ма деп қатты алаңдағанын да жасырмады.

«Уақыт өте жылдам өтті», — деді ол бір айлық жұмысы аяқталғаннан кейін.

Келісім бойынша, тау басында түсірілген негізгі фото және бейнематериалдардың авторлық құқығы туристік аймаққа тиесілі. Ал Ли өзінің күнделікті жұмысы, қиындықтары мен көңіл күйі туралы жеке влогтар жариялап отырған. Нәтижесінде оның парақшасына алты мыңнан астам адам жазылды.

Бір ай ішінде ол видео түсіру мен монтаждауды, түстерді өңдеуді және дрон басқаруды жақсырақ меңгерген. Дегенмен өзін әзірге инфлюенсер санамайды. Енді тұрақты жұмыс іздеп, әлеуметтік желідегі парақшасын бос уақытында жүргізуді жоспарлап отыр. Лаоцзюньшань туристік аймағының өкілдері мекемеде тұрақты видеооператорлар жұмыс істейтінін айтты. Алайда жоба арқылы табиғатқа сырт көзбен қарайтын, жаңа идея ұсынатын адамды тартқысы келген. Науқан сәтті өткендіктен, туристік кешен болашақта тағы да «бұлт бақылаушыларын» жұмысқа алуы мүмкін.

Жұмыс шарттары мен үміткерлер саны туралы мәліметті Daxiang News жариялады. Жобаның қорытындысы мен Ли Сычэньнің жұмыс барысы туралы SCMP жазды. Теңгедегі сома 20 тамыздағы Қазақстан Ұлттық банкінің ресми бағамы негізінде шамамен есептелді.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287086-qytailyq-bloger-bultty-suretke-tusirip-milliondap-aqsa-tapqan

Leave A Reply

Your email address will not be published.