Республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауы мәресіне жетті

0 302

Таразда Кенен Әзірбаевтың шығармаларына арналған 10-шы республикалық «Шырқа, даусым!» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Мәдени шара жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен болатын. Санитарлық талаптарға сәйкес, концерт залында көрермен болмады. Есесіне онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.

Екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі әншілер мерекесіне биыл еліміздің әр қиырынан отызға жуық үміткер қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға ат салысты. Айта кетейік, қатысушылардың орташа жасы 23-ті құраған. Яғни, дәстүрлі ән өнеріне аңсары ауған жастар жеткілікті деген сөз. Олардың өнерін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев бағалады.

Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау», «Шырқа, даусым!», «Көкшолақ» секілді көптеген ғажап әндерін шырқаған қатысушылардың ешқайсысы да осал емес. Бәрі де ұлттық өнердің көшін өрге сүйреп жүрген жастар.

«Биыл бұл дәстүрлі ән байқауы оныншы рет өткізілсе, мен үшінші мәрте төраға ретінде қатысып отырмын. Байқауға жастардың көп қатысқаны көңілге медеу болды. Бұл дегеніміз Кенен мұрасы мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі»,- деді Алтынбек Қоразбаев.

Бірқатар қатысушы Алғыс хаттарға ие болды. Үміткерлердің біразы дипломант атанып, «Көрермен көзайымы», «Күміс көмей», «Жас Үміт», «Жас дарын», «Көне Тараз» секілді аталымдармен, сондай-ақ облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның арнайы жүлдесін алды.

«Шырқа, даусым» байқауында үшінші орын талдықорғандық Нұрдана Сәлімхан, түркістандық Елбол Қуанбекке бұйырса, екінші орынды Алматы облысының әншісі Жігер Омархан мен балқаштық Нұрболат Ұзақбай иеленді. Шу ауданынан қатысқан Ербосын Қасымбек жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды.

Іс-шара соңында облыс әкімінің арнайы жүлдесі мен бас жүлде табысталды. Оларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырды. Арнайы жүлде шымкенттік Ұлсая Бектасқа бұйырса, ғажап даусымен қазылардың да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленген алматылық Уатхан Шаттық бас жүлдені қанжығалады.

«Құрметті қонақтар, кие дарып, құт қонған Әулиеата өңірі ақындар мен батырлардың жері. Біз Кенен өнерін жалғастырушылармыз. Бүгін міне, қазақ барда, домбыра, өнер, жырдың жасай беретінін көріп отырмыз. Байқауда жас таланттардың жарқырап көрінгеніне риза болдым. Сол талантты балаларды дайындап әкелген ұстаздарға алғысым шексіз»,- деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.