Облыс әкімі Тассай ауылындағы мектеп пен балық өндіру цехында болды
Аймақ басшысы Берік Уәли әуелі Тассай ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің жәй-күйімен танысты.
Білім беру мекемесі 1980 жылы салынған. Мектепте 170 оқушы білім алады, мектепалды даярлық тобында 21 бала тәрбиеленуде. 41 мұғалім еңбек етеді. Мектепте 24 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, спорт залы, асхана және кітапхана жұмыс істейді.


Аймақ басшысы мектептің пән кабинеттерін, спорт залды аралап, мұғалімдермен пікірлесті.

«Мектеп түлектері әрдайым білім ордасына қолдау көрсетіп отырады екен. Бұл – өзге ауылдарға үлгі болатын игі іс. Білім ордасының барлық кабинеттерін аралап, жағдайымен танысып шықтым. Ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екені көрініп тұр. Республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржы бөлу жолдарын қарастырамыз. Жағдайды өз көзімізбен көру үшін ауылдарыңызға арнайы келдік. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі сондай-ақ Тассай ауылындағы «Ағайынды» шаруа қожалығы жанынан ашылған балық өңдеу цехында да болды.
Тассай ауылы Зайсан көліне жақын орналасқан, балық шаруашылығы жақсы дамыған елді мекендердің бірі. Бұрын жергілікті тұрғындар көлден ауланған балықты негізінен өңдеусіз өткізсе, бүгінде дайын өнім шығарып, табысын арттыруға мүмкіндік алып отыр.
Цех директоры Жанат Ибрагимов облыс әкіміне балық өндірісін кеңейту үшін жер телімі қажет екенін айтып, көмек сұрады.
«Тассай ауылының тұрғындары үшін бұл кәсіпорынның маңызы зор. Шикізатты өңдеп, дайын өнім шығарудың тиімділігі жоғары. Осындай бастамалар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті көмек көрсететін боламыз», – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ