Мешітке кез келген адам жұмысқа тұра алмайды, Қазақстанда имам атанудың басты шарттары аталды

0 46

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ел мешіттеріне имамдардың қалай тағайындалатынын және оларға қандай нақты талаптар қойылатынын түсіндірді.
Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейтбековтің сөзіне қарағанда, діни қызметкерлерді іріктеу қатаң заңнамалық негізде жүзеге асады, сондықтан кез келген адам өз қалауымен бұл қызметке орналаса алмайды.

«Әркім өз бетінше мен имам боламын деп айта алмайды, себебі 2011 жылы қабылданған заңға сәйкес, діни қызметкер міндетті түрде діни бірлестіктің мүшесі болып, ресми бұйрықпен қызмет атқаруы немесе Дін істері комитетінен миссионерлік анықтама алуы тиіс», – деді Смайыл Сейтбеков.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлері мен ауылдық округтеріндегі діни қызметкерлер тікелей Бас мүфтидің бұйрығымен жұмысқа алынып, қызметтен босатылады. Мешітте имам болғысы келетін үміткерлер арнайы өтініш жазып, жоғары білім туралы диплом, жеке куәлік, сотталмағаны мен диспансерлік есепте тұрмайтыны жөніндегі анықтамаларды қоса алғанда барлығы 12 түрлі құжат жинауға міндетті. Басты талаптардың бірі ретінде дінтану немесе исламтану бағытындағы арнайы білімнің болуы қарастырылады.

Елімізде мұндай мамандарды Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университеті, алты жоғары оқу орны мен орта діни білім беретін тоғыз медресе дайындайды. Ауылдық жерлерде арнайы дипломы жоқ үміткерлерден мешіт жанындағы курстардан өткенін растайтын құжат талап етіледі.

Құжаттарын толық тапсырған азаматтар міндетті түрде арнайы аттестациялық комиссия алдында ауызша және тест түрінде емтихан тапсырады.

«Комиссия үміткердің қайда білім алғанын және қандай да бір діни ағымдармен байланысы бар немесе жоқ екенін жіті тексереді, ал барлық талапқа сай келген жағдайда ғана ол имам қызметіне тағайындалады», – деді Бас мүфти кеңесшісі.

Маманның мәліметінше, діни қызметкерлер жұмысқа орналасқаннан кейін де Алматы мен Түркістандағы арнайы институттарда біліктілігін тұрақты түрде арттырып, екі айлық даярлықтан өтіп отыруы шарт.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда шамамен 3000 мешіт жұмыс істейді және әр өңірдегі имамдар саны жамағаттың көлеміне қарай анықталады. Ауылдық жерлерде көбіне бір діни қызметкер жеткілікті болса, аудан орталықтарында халыққа уақытылы қызмет көрсету үшін бірнеше маман бекітіледі.

Имам – мешіттің ішіне ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, елдің бірлігіне тікелей жауапты тұлға. Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. «Имам» сөзі араб тілінде «қоғам айнасы, жетекші, көшбасшы» деген мағыналарды білдіреді.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаған болатын.

Фото: Shutterstock.com

Politico.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.