Түлектерге тілеріміз – сәттілік
Құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар!
Қымбатты түлектер!
Баршаңызды оқу жылының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Жамбыл облысындағы 531 білім беру ұйымын 245 мыңнан астам оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 14 мыңнан аса түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басуда.
2025–2026 оқу жылы білім мен еңбектің, талап пен таланттың жемісті жетістіктерімен есте қалды. Биыл 670 түлек «Алтын белгіге», 1181 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанды.
Жамбылдық оқушылар республикалық және халықаралық білім додаларында өңір мерейін үстем етіп келеді.

Облыс құрамасы ғылыми жобалар байқауында 17 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленсе, республикалық олимпиадада «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Бұл – шәкірттердің талпынысы мен ұстаздардың табанды еңбегінің жемісі.
Осы ретте сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген барша ұстаздарға, перзентінің болашағына бейжай қарамайтын ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін.
Қымбатты түлектер!
Алда сіздерді маңызды сын – мемлекеттік емтихан мен Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Сол белестерден сүрінбей өтіп, биік мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін.
Сіздер – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы, елдің сенімі мен тірегісіздер. Білімдеріңіз бен жастық жігерлеріңізді туған елдің өсіп-өркендеуіне арнайды деп сенемін.
Қайда жүрсеңіздер де, туған жердің абыройын асқақтатып, ел үмітін ақтайтын азамат болыңыздар!
Болашақтарыңыз баянды, жолдарыңыз ашық болсын!
Сәттілік пен толағай табыс тілеймін!