ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0 34
Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары және оларды дайындаған ұстаздармен кездесті.
Жиынды Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік бағдарламасының жеңімпазы, ҰБТ-дан 140 балл иегері Қанат Нұрғанат жүргізді. Ол өңір басшысына дарынды жастармен кездесуге уақыт бөліп келгені үшін алғыс білдіріп, бүгінгі жеңістердің артында мемлекет қолдауы, ата-ананың сенімі және мұғалімдердің қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті.
Кездесу барысында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы дарынды жастарды құттықтап, олардың жетістіктері – өңір білімінің сапасын көрсететін маңызды нәтиже екенін айтты. Сонымен қатар, білім мен ғылым жолындағы табандылықтың ел болашағы үшін маңызы зор екенін жеткізіп, оқушыларға сәттілік тіледі.
2025-2026 оқу жылында Жамбыл облысының оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Ғылыми жобалар бағыты бойынша облыстың 55 оқушысы республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, 34 жас ғалым жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша І орынды, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша ІІ орынды иеленіп, 17 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды.
Пәндік олимпиадаларда да жамбылдық оқушылар үздік нәтиже көрсетті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан 66 оқушының 34-і жеңімпаз атанды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиадада 29 оқушының 18-і жүлдегер атанып, облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алып, І орынды иеленді.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада 49 оқушының 20-сы жүлделі орындарға ие болды.
Робототехника бағыты бойынша да облыс оқушылары халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетті.
Шығармашылық және әдеби байқауларда да өңір оқушылары үздік нәтиже көрсетті. Облыстың 109 оқушысы «Абай оқулары», «Ілияс оқулары», «Мағжан оқулары», «Мәшһүр Жүсіп оқулары», «Мақатаев оқулары», «Жамбыл оқулары» сияқты республикалық байқауларға қатысып, 78 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Бұл өңір жастарының тынымсыз еңбегінің жемісі.
Шара аясында халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған 14 педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал дарынды оқушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, әрқайсысына 100 мың теңгелік сертификат берілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Оқушылар облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сұрақтар арасында мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, жетістікке жетудегі тәртіп пен таланттың рөлі, өмірдегі қиын шешімдер, қазіргі жастардың ерекшелігі, сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалану тақырыптары қамтылды.
Айта кету керек, Жамбыл облысында дарынды балаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын дәлелі ретінде өңірде тұңғыш рет Бауыржан Момышұлы атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылды. Аталған білім ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, сапалы білім мен саналы тәрбиенің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.
Кездесу соңында оқушылар атынан алғыс сөз сөйлеген дарынды жастар өңірде білім мен ғылымға көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.