«Өнегелі отбасы – қоғам көркі»

0 50
Халықаралық отбасы күніне орай Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы – қоғам көркі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық соттың төрағасы Ерлан Қосмұратов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері, аналар кеңесінің мүшелері мен сарапшылар қатысты.
Басқосу барысында отбасы институтын нығайту, неке тұрақтылығын сақтау, бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы отбасының рөлі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ел болашағының негізі екеніне ерекше тоқталды.
Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев отбасы құндылықтарын сақтау – мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті.
– Отбасы – адам өмірінің тірегі, қоғамның өзегі, мемлекеттің берік іргетасы. Халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Ұлттың болашағы мен елдің ертеңі ең алдымен шаңырақтағы тәрбиеге, сыйластық пен татулыққа байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, берік отбасы – тұрақты қоғам мен жарқын болашақтың негізі. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананы құрметтеу, әке беделін арттыру және саналы ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет, – облыс әкімі.
Өз кезегінде облыстық сот төрағасы Ерлан Қосмұратов қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне әсер ететін факторларға тоқталып, отбасылық даулардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында спикерлер қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған ажырасу себептері, оның әлеуметтік-психологиялық салдары және алдын алу жолдары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар жастарға отбасылық құндылықтарды насихаттау, ерлі-зайыптыларға психологиялық қолдау көрсету, балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық жанжалдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар отбасы институтын қолдау мен ұлттық тәрбиені дәріптеуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, қорытынды қарар қабылдады. Жиында көтерілген бастамалар алдағы уақытта өңірдегі отбасы саясатын дамытуға және қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға серпін беретіні атап өтілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.