Әкімдер Парламентте есеп береді
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палата депутаттары бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне және инклюзивті білім беруге қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы Парламенттің, Есеп комитетінің, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарын іске асыруға бағытталған. Құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, алдағы уақытта бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есеп қалыптастырылмақ.
«Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы есепті жыл сайын Парламентке республикалық бюджеттің жобасымен бірге енгізу ұсынылады. Құжатта мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылды. Осындай құжатты қалыптастыру бюджеттік тәуекелдерді тиімді басқаруға және оларды бюджеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең аз көлемде белгіленген жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын басқа шығыстарға қайта бөлу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.
Стратегиялық жоспарларды сапалы жоспарлау және орындау мақсатында, бөлінген қаражат толық игерілмеген жағдайда, жыл соңында республикалық бюджетке кері қайтарылуына байланысты, төртінші тоқсанда стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынады», деді Әсет Ерғалиев.
Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары аясында бөлінген қаражаттың пайдаланылуына бақылау мен мониторингті күшейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды қаржылай және қаржылай емес қолдау операторларына, сондай-ақ қарыз алуға мемлекет кепілдік берген квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қазынашылықта шоттар ашу көзделіп отыр.
«Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында аудиторлық есеп нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген мақсаттарға пайдаланылмаған нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару көзделеді.
Жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу мерзімін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға ықпалын арттыруға тиіс.
Есептілікті жетілдіру аясында 2024 жылдан бастап «Шоттардың бірыңғай жоспары» жаңа құралын енгізу ұсынылып отыр. Бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру аясында, стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр», деді министр.
Сондай-ақ Парламентте жылдық есепті қарау кезінде әкімдердің республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану туралы есебі тыңдалмақ. Бұл жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша жауапкершілігін арттырмақ.
«Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру аясында қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндеттемелерді қабылдауға тыйым салынады», деді Әсет Ерғалиев.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік сыртқы қарызды игермегені үшін жауапкершілік мемлекеттік органның бірінші басшысына жүктелуге тиіс екенін айтты.
Спикердің пікірінше, сыртқы қарыз қаражатын игермегені үшін жауапкершілік, «бұлыңғыр» болмауға тиіс. Ол нақты жазылуы керек. Егер құжаттың Үкіметтің нұсқасы қабылданса, онда іс жүзінде жауапкершілік ұйымның бірінші басшысына емес, оның орынбасарына жүктелетіні түсінікті. Сондықтан мұндай сәйкессіздіктерге жол беруге болмайды.
Нұрлан Нығматулин сыртқы қарыздың игерілмеуі бюджеттен қосымша шығындарға алып келуі мүмкін екенін атап өтіп, тиісті норманы заңнамалық деңгейде бекіту арқылы мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.
Бұған қоса, Мәжіліс Төрағасының айтуынша, жергілікті бюджетті болжау кезінде аймақтардың ерекшелігі ескерілуге тиіс. Сондықтан депутаттар жергілікті бюджетке түсімдерді болжау тәртібін жергілікті уәкілетті органдарға беруді ұсынады.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың бастамылығымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Заң жобасы мүгедек адамдардың кемсітусіз білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы 2015 жылы Қазақстанда ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес келтіруге бағытталған.
Инклюзивті білім беруге өту адам құқықтары туралы халықаралық хаттамаларға және барлық баланың сапалы білім алуы мен оған тең қолжетімді құқығының болуына негізделген. Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам бала немесе балалардың жалпы санының 2,7 пайызы білім беру процесіне ерекше көзқарасты талап етеді», деді осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, 2011 жылдан бастап елімізде инклюзивті білім беруді кезең-кезеңмен дамыту басталған. Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті орта құру бойынша шаралар көзделген.
«Заңнамалық деңгейде реттеуді талап ететін мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілу қарастырылып отыр. Біріншіден, білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер көзделген. Екіншіден, оқу процесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдап отырудың арнайы шарттары регламенттелген. Үшіншіден, білім беру қажеттіліктерін бағалау енгізіледі. Ол үшін бағалау өлшемдерін, қажеттіліктерді айқындау әдістемесін, сондай-ақ «ерекше» балалармен жұмыс жасау бойынша педагогтерге әдістемелік ұсынымдарды айқындайтын тиісті қағидалар әзірленеді. Төртіншіден, оқу жоспарларының, бағдарламалар өзгермелігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар, сондай-ақ білім алушының даму ерекшеліктеріне байланысты жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілген. Бұл – инклюзивті білім беру процесінің жетекші қағидаттарының бірі. Бесіншіден, білім беру ұйымдарында арнайы жағдайларды қамтамасыз етуде, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдап отыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен әкімдіктердің құзыреті кеңейтілді», деді Жанат Омарбекова.
Мәжіліс Төрағасы білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмауға тиіс деді. «Себебі білім саласы – ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы білім, соның ішінде, ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды мәселе қамтылып отыр», деді Нұрлан Нығматулин.
Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескеріледі. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, аталған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеледі.
«Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады», деді Палата Спикері.
Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді.
Жалпы отырыста Палата «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар – Александр Милютин, Мақсат Раманқұлов, Ерлан Смайлов, Файзолла Қаменов, Зүлфия Сүлейменова, Азат Сембинов, Азамат Әбілдаев, Гүлнар Бижанова, Аманғали Бердалин, Шамиль Осин.