Түркістан түркі әлемін қалай біріктірді?

0 43
Мамыр айының ортасында Түркістан қаласы Түркі әлемі елдерінің назарында болды. Түркістан төрінде 5 елдің басшысы кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Бауырлас елдердің бірлігі бекіп, өзара сыйластығы арта түсті. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында айтылған бастамалар жүзеге асып, игі тілектер қабыл болғай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша өңіріміздің атқарған жұмысына жоғары баға беріп, Түркістан облысының тұрғындарына, осы игі іске атсалысқан қызметкерлерге алғысын білдірді.
Бұл – ең алдымен, қасиетті Түркістанның абыройы, ел үшін еңбек еткен барша азаматтардың еңбегіне берілген баға.
Түркі әлемінің рухани астанасында өткен тарихи саммит бауырлас елдердің ынтымағын одан әрі нығайтып, көне шаһардың халықаралық деңгейдегі беделін жаңа белеске көтерді. Түркістан халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын маңызды орталық екенін тағы бір дәлелдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Түркістанға әрдайым айрықша қолдау көрсетіп, өңірдің дамуына серпін беріп келе жатқанын ел біледі. Шаһарға ерекше мәртебе беріп, осы саммитті Түркістанға өткізуге бастамашы болып, ыстық ықыласы мен сенімін білдірді. Бұл – тарихқа деген құрмет.
Сондықтан бүгінгі сәтті пайдаланып, Мемлекет басшысына барша Түркістан тұрғындары атынан шынайы алғыс айтып, ризашылығымды жеткізгім келеді. Осы мерейлі сәтті пайдаланып, Қасым-Жомарт Кемелұлын бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміздің мемлекетімізді дамыту бағытындағы бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз.
Қадірлі жерлестер!
Түркістан тағы бір жауапты миссияны абыроймен атқарды. Халқымыз жұдырықтай жұмылып, шынайы отаншылдықпен еңбек етті. Саммиттің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери сала өкілдеріне, коммуналдық қызмет мамандарына, дәрігерлерге, еріктілерге, мемлекеттік қызметшілерге және барша Түркістан халқына алғыс айтамын.
Бірлігіміз бекем болып, Түркістанымыз түлей берсін!
Нұралхан КӨШЕРОВ,
Түркістан облысының әкімі
Leave A Reply

Your email address will not be published.