Облыс әкімі Науалы ауылындағы бұрынғы балалар үйінің ғимаратын аралап көрді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының Науалы ауылындағы бұрынғы балалар үйі ғимаратының қазіргі жағдайымен танысты.


Балалар үйінің іргетасы 1934 жылы қаланған. Ал негізгі ғимараттары 1965-2004 жылдар аралығында салынған. Жалпы аумағы — 7 гектар. Нысан 180 орынға есептелген.
Мекеме жұмыс істеген жылдары балалар бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіліп отырған. Аумағында жылыжай жұмыс істеп, көкөніс өсірілген. Әр балаға жеке бақша телімі бекітілген.
2024 жылы нысан Үржар ауданының коммуналдық меншігіне беріліп, кейін оңалту орталығы мен 50 орындық балабақша ашу мақсатында жеке серіктестікке сенімгерлік басқаруға тапсырылған. Алайда мекеме өз міндеттемелерін орындамағандықтан, биыл келісімшарт бұзылған.
Ғимарат бірнеше жыл бойы қараусыз тұрғандықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. Жылу қазандықтары істен шығып, жылу жүйелерінің құбырлары жарылған. Шатырлары да тозған.
Аймақ басшысы жауапты мекемелерге нысанның алдағы тағдырына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
«Бұл — ұзақ жылдар бойы балалар тәрбиеленген маңызды әлеуметтік нысан. Аумағы да кең, инфрақұрылымы да бар. Сондықтан мұндай ғимарат бос тұрмауы керек. Енді оның алдағы тағдырын жан-жақты қарап, қандай да бір мекеменің немесе басқарманың теңгеріміне беру мәселесін қарастыру қажет. Ең бастысы — нысанды тиімді пайдаланып, ауыл қажетіне жаратуымыз керек», — деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ