Елімізде мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурстық іріктеу басталды

0 56
2026 жылғы 16 мамыр мен 15 маусым аралығында Қазақстанда мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға конкурстық іріктеу жүргізіледі.
Конкурстың негізгі мақсаты – академиялық адалдық пен ашықтық қағидаттарын сақтай отырып, дарынды оқушыларды іріктеу және олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау.
2026-2027 оқу жылына 5, 6, 7 сыныптарға қабылдау үшін 78 мамандандырылған білім беру ұйымы өтінім берді. Оның ішінде 5-сыныпқа – 42, 6-сыныпқа – 1, 7-сыныпқа – 44 ұйым қатысады. Оқыту тілі бойынша: 40 мектеп – қазақ тілінде, 28 – аралас, 3 – орыс тілінде білім береді.
Үміткерлердің құжаттары 1 ақпан мен 15 сәуір аралығында qabyldau.daryn.kz порталы арқылы қабылданды. Барлығы 24 202 үміткер тіркелді, оның ішінде 3 623-і халықтың әлеуметтік осал санаттарына жатады.
Іріктеу барысында бірқатар квоталар қарастырылған. Атап айтқанда, «Мың бала» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары үшін 7-сыныпқа қабылданатын жалпы орын санының 10%-ы, әлеуметтік осал топтар үшін 5-7 сыныптар бойынша 15%-ы, сондай-ақ Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының оқушылары үшін 5-10 сыныптарға қабылданатын орындардың 5%-ы бөлінген.
Конкурстық іріктеу Үлгілік қағидаларға сәйкес өткізіледі. Өңірлік білім басқармаларымен келісу арқылы 44 тірек мектеп айқындалып, тестілеу сол білім беру ұйымдарының базасында ұйымдастырылады.
Конкурсты өткізу үшін арнайы конкурстық комиссия құрылған. Оның құрамына ҚР ОАМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аймақтық өкілдері, «Дарын» орталығының мамандары, арнайы мониторингтік топ мүшелері және қоғамдық ұйым өкілдері енгізілген.
Тест материалдары конкурстың басталуына бір күн қалғанда «Дарын» орталығы тарапынан мамандандырылған мектептерге пломбаланған қағаз түрінде жеткізіледі. Тапсырмалар өткен оқу жылдарының бағдарламалары негізінде, логикалық ойлауды бағалайтын сұрақтарды қамти отырып әзірленген.
Тестілеу уақыты сыныптарға қарай белгіленген: 5-сынып – 60 минут, 6-сынып – 90 минут, 7-сынып – 120 минут, 8-сынып – 150 минут, 10-сынып – 180 минут.
Конкурс бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Толық ақпарат пен тестілеу кестесі qabyldau.daryn.kz сайтында орналастырылған.
Leave A Reply

Your email address will not be published.