«Адал жол: табыс пен ардың тепе-теңдігі»
Жамбыл ауданында «Адал жол: табыс пен ардың тепе-теңдігі» атты TEDx форматындағы еркін пікір алаңы өтті
Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы Жастар ресурстық орталығында жастар мен жас мамандарға арналған «Адал жол: табыс пен ардың тепе-теңдігі» атты TEDx форматындағы еркін пікір алаңы ұйымдастырылды.
Іс-шара Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі КММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуге аудан жастары, мектеп оқушылары мен жас мамандар қатысып, қоғамдағы адал еңбек, адамгершілік құндылықтары, мансап пен өмірлік ұстанымдар туралы ашық пікір алмасты.
Іс-шараның арнайы спикерлері ретінде Тараз қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер, Sert inform ақпараттық агенттігінің негізін қалаушы, Іскер әйелдер қауымдастығы ЖОФ мүшесі Әсел Әбілханқызы Жапарова және Төле би атындағы орта мектеп директоры, қоғам белсендісі Жандос Досқожа сөз сөйледі.
Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жастардың қоғамдағы рөлі, рухани құндылықтар мен кәсіби дамудың тепе-теңдігі жөнінде мазмұнды ойлар айтылды.
Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, ашық диалог алаңында өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Жастар арасында адалдық, жауапкершілік және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған іс-шара қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың сыни ойлауын дамытуға, өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға және қоғамдағы оң құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді.