ТЫЛ ЕҢБЕГІНІҢ ТІРІ ШЕЖІРЕСІ – УСЕЙН АЛИМКУЛОВҚА ҚҰРМЕТ
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев 9 мамыр – Жеңіс күніне орай тыл еңбеккері, Мыңқазан ауылының ақсақалы Усейн Алимкуловтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында Қайрат Арғымбаев соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің жанқияр еңбегі ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерде үлкен рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ, бейбіт күннің қадірін ұғындырып кеткен аға буынның өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала беретінін айтты.
Усейн Алимкулов 1935 жылы Меркі ауданының Мыңқазан ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1950 жылы ХХІІ партсъезд колхозында тракторист болып бастап, зейнеткерлік жасқа дейін түрлі салада еңбек еткен. 1970-1974 жылдары Жамбыл облыстық кеңесінің депутаты болып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан.
Бүгінде ауыл ақсақалы атанған қария туған жердің дамуына әлі де жанашырлық танытып келеді. Мыңқазан ауылында асар тәсілімен салынып жатқан асхананың құрылысына ауыл тұрғындарын жұмылдырып, қаржылай демеушілік көрсеткен.