ЖУАЛЫДА БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТІЛДІ
Халқымыздың біртуар перзенті, Даңқ орденінің иегері, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі тек майдан даласындағы ерлігімен ғана емес, бейбіт күндегі ерен еңбегімен де өшпес із қалдырған. Жақында батырдың туған жері — Жуалы ауданында аңыз тұлғаның прокуратура саласындағы қызмет жолына арналған салтанатты патриоттық жиын өтті.

Бауыржан Момышұлының өмірбаянындағы маңызды белестердің бірі — оның 1931-1932 жылдары Жуалы ауданының прокуроры қызметін атқаруы. Осы айтулы деректі негізге ала отырып, аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков бастаған құқық қорғау саласының қызметкерлері батыр рухына тағзым етіп, арнайы шара ұйымдастырды.
Батыр музейінің алаңында өткен жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков және аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков Б. Момышұлының қайсар мінезі мен әділдік жолындағы ұстанымдары бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

«Бауыржан атамыз — тек әскери қолбасшы емес, заң мен тәртіптің де темірдей берік болуын қалаған тұлға. Оның прокуратура саласындағы қызметі — біз үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік», — деді өз сөзінде Ілияс Тойшыбеков.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев батырдың өмірі мен өсиеттері жайлы тебірене сөйлеп, жас қызметкерлерді Отанға адал қызмет етуге шақырды.

Шараның көркін қыздырған мәдени бағдарлама да ерекше рух берді. «Қызғалдақ» ансамблінің орындауындағы Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әні көрермен бойындағы отансүйгіштік сезімді оятса, Б. Абделиевтің орындауындағы Г. Өмірбаеваның «Ерліктің туы — Бауыржан» әні батырдың бейнесін асқақтата түсті.

Ел намысын ту еткен батырдың рухына бағышталған бұл жиын тек естелік емес, бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғындыратын тағылымы мол кеш болды. Батыр есімі ел жадында, ал оның салған сара жолы — кейінгі толқынға мәңгілік бағдаршам.
Бейбіт өміріміз баянды, еліміз аман болсын!