Сақалды құрылыс «Студенттер үйіне» айналмақ
Жиырма ғасырдың жауһары – Тараз шаһары жылдан-жылға жаңарып, күннен-күнге көркейіп, тұрғындардың көз алдында түрленіп келеді. Әрине, қаланың құлпырғаны жергілікті халықтың ғана емес, меймандардың да көз қуанышына айналуда. Десек те ажары артқан қала сәулетінің сиқын бұзып, сұрқын қашырып тұрған сақалды құрылыстар мәселесі әлі де баршылық. Десек те қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың жуырда осындай құрылыстармен жаппай күресу туралы үндеуінен кейін көне шаһарда сең қозғала бастағандай.
Мәселен облыс орталығындағы қырықтан астам сақалды құрылыстың биыл онының жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оған қоса көп жылдан бері көпшіліктің көкейінде жүрген «Жеңіс» саябағы мен теннис кортының ортасында қаңырап бос тұрған сақалды құрылыстың орнына облыс әкімдігі білім басқармасы тарапынан инвестор тарту арқылы жергілікті колледждер мен жоғары оқу орнының студенттеріне арналған 1 100 орындық жатақхана бой көтермек.
Бүгінге дейін жатақхана жағдайы өңірде де өзекті мәселелердің бірі болып келгені жасырын емес. Алдағы уақытта күрмеуі қиын болып келген мәселенің шешілер шағының алыс еместігі анық. Себебі қазір еліміз бойынша Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасына орай жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 5 әлеуметтік бастама аясында 2022 жылдың соңына дейін білім қуған 75 мың студентті жатақханамен қамтуды тапсырған болатын. Бұл студенттердің жағдайын жақсартып, олардың кәсіби маман ретінде қалыптасуына мол мүмкіндік болары анық. Осы ретте біз айтып отырған сақалды құрылыс нысанындағы жоспар жүзеге асса, шалғай ауылдардан келіп оқитын жастар үшін де игілікті іс болар еді. Жалпы бұған дейін биік нысан ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, қаңғыбастардың мекеніне, өз-өзіне қол жұмсаушылардың суицидтік «сахнасына» айналғаны да көпшілікке белгілі. Сол себепті соңғы жылдары оның аумағы қайтадан қоршалып, маңында тәртіп сақшылары жүретін болды. Енді бұл мәселе де түбегейлі шешімін таппақ. 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимарат білім қуған мыңнан астам студенттің жайлы жатақханасына айналайын деп тұр.
– Қазіргі таңда аймақтағы білім алып жүрген студенттер арасында жатақхана мәселесі бар екені белгілі. Облыс орталығындағы екі іргелі оқу орны бірікпей тұрған күннің өзінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 500 студент жатақханаға мұқтаж еді. Осы ретте студенттерді жатақханамен қамту екі жыл бойы жоспарланған. Нәтижесінде Қ.Тұрысов көшесінің бойындағы алып сақалды құрылыс нысаны 1 100 орындық жатақханаға айналатын болды. Нысанның меншік иесімен де, елордадағы қаржы орталығымен де келісім жасалды. Жобаны жамбылдық инвестор жүзеге асырмақ. Қазір құрылыс жоспары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл орталықтан ұзақмерзімді, яғни 8 жыл бойы республикадан қаржыландырылатын жоба. Егер қаржыландыру мәселесі ертерек шешімін тауып, құрылыс жұмыстары биыл басталса, игі іске қолдау білдіріп отырған жергілікті инвестор нысанды 2022 жылдың наурызында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да бар. Жоба бойынша нысан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Жамбыл жоғары медициналық колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттерін жатақханамен қамтитын болады. Оның аумағында «стрит уоркаут» алаңшасы мен жабық бассейн де жоспарланған. Маңында «Жеңіс» саябағы, теннис корты, «Баласағұн» орталық концерт залы мен орталық мешіт бар. Осылайша алдағы уақытта бұл төңірек шағын «Студенттер қалашығына» айналады, – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Расында, бұл шалғай аудан, ауылдардан келіп білім алып жүрген жастар үшін де, бірталай жылдан бері студенттерінің жатақхана мәселесін шеше алмай келе жатқан колледждер үшін де көптен күткен қуанышты жаңалық.
– «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтылмаған ғой. Сол секілді студенттердің сапалы білім алуы үшін жатақханамен қамту мәселесі біз үшін қашанда өзекті. 1997 жылы колледжге қарасты жатақхана болған. Десек те еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы елдегі қиын-қыстау кезеңде жатақхана ғимараты жабылып, орны оқу корпусына айналып кетті. Қаншама маман айлықсыз еңбек етуге мәжбүр болған ауыр кезеңде оқу орнымыз жатақханасыз қалды. Қазір колледже 930-дан астам студент білім алуда. Олардың 300-і жатақханаға мұқтаж. Облыс орталығына жақын Байзақ, Жамбыл аудандарының студенттері келіп-кетіп оқыса, Шу, Сарысу, Мойынқұм секілді шалғай аудандардан келетін студенттер пәтер жалдап білім алуда. Осы мәселеге орай 2-3 жыл бұрын әкімдікке жүгіріп жүріп, Пушкин көшесінің аяқ жағынан жатақхана салуға жер алған болатынмын. Бірақ ол үшін инвестор таба алмадық. Көптеген инвесторлар келіп, шығынын есептеп, өздеріне тиімсіз болғандықтан теріс айналып кетті. Осылайша жатақхана салуға өз күшіміз жетпей келді. Ал Қ.Тұрысов көшесіндегі алып нысанның жатақханаға айналатыны біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта 300 студентімізге сол жерден орын берілсе, мәселеміз түбегейлі шешілер еді, – дейді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Айдархан Биназаров.
Жамбыл жоғары медициналық колледжіндегі жағдай да осы тақылеттес. «Басты байлық – денсаулық» деп қанша жерден ұрандатсақ та, өңіріміздегі ақ халатты абзал жандарды даярлайтын бірден-бір оқу орнында әлі күнге жатақхана мәселесі шешілмеген. Ал шалғайдан жолкіресін беріп, оған қоса қатардан қалдырмай, ұл-қызының оқу ақысын төлеп жүрген ата-аналар үшін тағы жалдамалы пәтер құнын төлеу де оңай емес.
– Еліміздегі карантинге байланысты қашықтан оқыту кезінде 40 мың теңгеге жалдаған пәтерімізді өткізіп, ауылға қайтқан едім. Кейін сол пәтерді қайтадан бұрынғы бағасына ала алмадым. Оқу орныма жақын орналасқан пәтерлерді анам екеуміз түгел шарлап шықтық. Барлығының бағасы айына 50-60 мың теңгеден кем емес. Анамның зейнетақысының өзі оған жетеғабыл. Оған үйдегі азық-түлік, қосымша шығындар тағы бар. Сол себепті әлеуметтік желі арқылы қосымша жұмыс істеп жүрмін. Бірақ оның да табысы тұрақсыз. Дипломым, салалық білімім болмағаннан кейін тұрақты жұмысқа да алмайды. Бұл мен қатарлы білім алып жүрген басқа да студенттердің басында бар мәселе. Егер жатақханамыз болса, осы қиындықтан құтылар едік, – дейді сарысулық студент Жанерке Қасенова.
Расында, сананы тұрмыс, қоғамды нарық билеген бүгінгі уақытта «Сен де бір кірпіш дүниеге…» деп Абай айтқандай, кетігін тапса да кедергілерден кеміріліп, саналы тәрбие, сапалы білім алу үшін сан-саққа сандалып, салы суға кеткен студенттер аз емес. Оның арғы жағында алыста білім аламын деп жалдамалы пәтер жағалап жүрген ұл-қызына алаңдаған ата-аналардың ағарған самай шашын санамай-ақ қоялық. Бұл ретте жоғарыда айтылған құрылыс нысаны ендігі таңда құрдан-құр қаңырап тұра бермей, ертерек ел үміт артқан ұрпақтың игілігіне айналса, мыңдаған болашақ маманның азамат болып қалыптасуына айтарлықтай сеп болар еді.
Нұржан Қадірәлі