КҮШАМАН АУЫЛЫНА ЖАҚСЫ ІСІМЕН КҮШ БЕРГЕН АТА

0 82
Осынау жүзі жылы, көңілі шуақты қария кездескен сәтте көңілімізге бірден ерекшеленіп көрінген. Өзі аудан әкімі Ермек Карентаевтың қолынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алып тұрған болатын. Жазып қойған хат секілді қазыналы қарт екен-ау деп елеңдеп қалғаным рас.
Көп ұзамай Қызылотау ауылдық округі, Күшаман ауылында өткен Наурыз мерекесінде Бабақұл ақсақалмен тағы да кездестік. Қария шапанын киіп, ауыл халқына ортақ іс-шараның басы – қасында жүр екен. Ауылға қуаныш ала келген Ұлыстың ұлы күнінде көпшілікке ақ батасын берді.
Ақшаңқан үйлер тігіліп, алтыбақан тебілген үлкен мерекеде ақсақалды әңгімеге де тартып үлгердік. «Жақсы қария белгілі жанып тұрған шам болар» дегендей, атамыз сөзге де қара жаяу емес екен.
Бабақұл Қарсыбеков ақсақал су шаруашылығы мекемесінде жұмысшы , онан кейін ұзақ жыл кеңшарда гидротехник, аудандық құрылыс мекемесінде прораб, құрылыс бригадирі болып еңбек етіпті. Ауданның және Күшаман ауылының маңызды құрылыстарына қатысқаны көрініп тұр. Кеңес одағы кезінде бұл кісі басқарған құрылыс бригадасы ауыспалы Қызыл Туды үнемі ұтып алып отырған. Бұл да – Қарсыбековтің құрылыс жұмыстарын басқарудағы іскерлігін көрсетеді. Ол кісінің кейде қоңыр дауысымен әуелетіп ән айтатыны бар. Мақам созып, құран оқитыны да – көпке үлгі. Мүмкін болса жасы келген ақсақалдың бойынан асыл қасиеттердің баршасы табылып жатқаны қандай жақсы.
«Көргені көп көш бастады» дегендей, Бабақұл қария қазір Күшаман ауылының сыйлы ақсақалы. Жастарға батасын беріп, балаларға өсиетін айтып, ізгілік жолынан айныған емес. Сондықтан, ақсақалды ауылдың үлкен-кішісі тегіс сыйлайды. «Бұл кісіні біз ерекше бағалаймыз. Оқушылар да құрметтейді. Мектебімізге шақырып, кездесулер өткізіп тұрамыз. Атаның өмір жолы – жас буынға таусылмас тағылым ғой. Жасында байқары көп болған қарияның бүгінгі таңда айтары көп. Өзіміз де маңызды жұмыстар кезінде ақсақалмен ақылдасып, өмірлік тәжірибесін бөлісіп отырамыз, – дейді аталған ауылдағы Амангелді атындағы орта мектептің директоры Нұржан Сәденов.
Жақында өткен жаңа Конституция жобасын қолдау туралы референдум кезінде де Бабақұл ақсақал белсенділік танытты.
– Жасымыз ұлғайғанда жақсы қария болуды мақсат тұтып жүрміз. Сексен жастың ауылына жақындап қалдық. Жақсы болу деген – мінсіз болу емес. Жаман ісінен жақсы істері көп адамды жақсы адам дейді екенбіз. Біздің Күшаман – үлгілі, ұлағатты ауыл. Өзіміз де алдыңғы толқын жақсы қариялардан үлгі алдық, солардың жақсы сөзін естідік. Енді сол естігеніміз бен көргенімізді жинақтап, жастардың бойына сіңірсек дейміз. Ауыл жастарының ізгі жолға түсуіне тамшыдай пайдамыз тисе мақсатымыздың орындалғаны. Жасы ұлғайғанда жақсы қасиетінен айнымаған адам – бақытты адам. Менің ісімді бағалап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттаған облыс, аудан әкімдеріне алғысым шексіз, – дейді көпті көрген қария.
Есет ДОСАЛЫ,
Мойынқұм ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.