БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жамбыл облысында білім беру жүйесін жетілдіру және басқарушы кадрлардың әлеуетін арттыру мақсатында Республикалық кадр резервіне енген үміткерлермен арнайы кездесу өтті. Іс-шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбаcары Кзылкулова Лаззат Абильдақызы, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ кадр резервіне іріктелген үміткерлер қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының маңыздылығы атап өтілді. Жоба аясында білім беру саласына жаңа серпін беретін, заманауи басқару дағдыларына ие білікті мамандарды даярлау және оларды басшылық қызметтерге тарту көзделген.

Жиында 2024–2025 жылдары Республикалық кадр резервіне іріктелген, алайда бүгінгі күнге дейін білім беру ұйымдарына тағайындалмаған үміткерлер мәселесі кеңінен талқыланды. Аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары өз аумақтарындағы бос лауазымдар туралы баяндап, нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы басшылық қызметтердің бос орындары таныстырылып, арнайы презентациялар ұсынылды.
Облыстық білім басқармасы тарапынан кадр резервіндегі үміткерлерге конкурс өткізілгенге дейін бірқатар басшылық лауазымдар ұсынылғаны айтылды. Дегенмен, ұсынылған қызметтерге үміткерлердің келісім бермеуіне байланысты конкурстар қайта жарияланып, кадрлық тапшылық мәселесі толық шешімін таппай отырғаны да жасырын емес.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бұл өз кезегінде кадр резервіндегі мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, оларды нақты қызметтерге орналастыру жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында білім беру ұйымдарындағы бос лауазымдарды тиімді толықтыру, кадр резервіндегі үміткерлерді кезең-кезеңімен орналастыру және осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.