ВИЦЕ-МИНИСТР БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

0 57
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен Жамбыл ауданындағы «AzNur AGRO» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 400 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылыс жұмысымен танысты.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау жобасы бойынша қаржыландырылып, іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 1,8 млрд. теңгені құрайды. Жылына 3 600 тонна сүт өндіруге жоспарланған сүт-тауарлы фермасының құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталған.
Бүгінгі күні агроқұрылым тарапынан 340 бас «Голштин» асыл тұқымды құнажындар сатып алынған. Қазіргі уақытта 164 бас сиыр сауылып, күн сайын 3,0 тоннаға жуық сүт «Меркі ірімшік зауыты» серіктестігіне өткерілуде.
Одан кейін Аманғали Бисенбайұлы Байзақ ауданындағы «KEMER АGRO» ЖШС-нің құс қиы мен қой жүнінен органикалық тыңайтқыш және ланолин шығаратын өндіріс орнының құрылыс жұмыстарын көрді.
Жалпы құны 450,0 млн. теңгені құрайтын өндіріс орнында жылына 10 000 тонна органикалық тыңайтқыш және ланолин шығару жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қытайдан қажетті құрал-жабдықтары сатып алынып, орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, вице-министр Тараз қаласындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-нің халал стандартына сай жоғары технологиялы ет өнімдер өндірісінің жұмысымен танысты. Жылына 9 мың тонна салқындатылған және мұздатылған ет өнімдерін өндіруге қауқарлы серіктестік 2016 жылы іске қосылған. Жобаның жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайды. Серіктестік 2018 жылы Иран Ислам Республикасына 1070 тонна мұздатылған қозы етін экспорттаған. Қазіргі уақытта өндіріс орнында шұжық және сүйекті ұнтақтау цехын іске қосу мен жартылай дайындалған өнімдер шығару бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Байзақ ауданындағы пайдалануға берілген ветеринариялық пункттерді аралап көрді.
Өткен жылы облыс бойынша 24 ветеринариялық пункттердің құрылысы толық аяқталса, оның 14-нің құжаттары рәсімделіп, облыстық ветеринариялық станциясының теңгеріміне берілуде. Одан бөлек, биылғы жылы республикадан бөлінген қаражатқа 30 ветеринариялық пункттердің құрылыс жұмыстары басталуда.
Leave A Reply

Your email address will not be published.