Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз Қордайда кең көлемде аталып өтті

0 47
Аудан орталығындағы алаңда өткен «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты мерекелік шара тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтеріп, ұлттық нақыштағы кеңістік қалыптасты. Жиылған жұртшылық назарына қазақтың салт-дәстүрлері ұсынылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Биыл қордайлықтар Наурыз мерекесін 14 наурызда басталатын «Көрісу» күнінен бастап атап өтті. Көктемнің шуақты күнімен тұспа-тұс келген мерекеде орталық алаңға жиналған қауымға арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Бегзат Болатбеков барша тұрғындарды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Мереке аясында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашты. Тұрғындар наурызкөже мен бауырсақтан дәм татып, ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындар ұйымдастырылды. Ал балалар үшін алтыбақан құрылып, атқа міну мүмкіндігі ұсынылды.
Этномәдени бірлестіктер де белсенділік танытып, өз өнерлерін паш етті. Киіз үйлер ішінде ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар кеңінен таныстырылып, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.