Сайрамдағы дүрбелең… Пара бергендер де, пара алғандар да ұсталды ма?

0 50

Түркістан облысында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков парамен ұсталды деген рас-өтірігі анықталмаған ақпарат өткен аптаның сенбісінде пайда болды. Қазір ел арасында осыған қатысты түрлі пікірлер айтылуда.  Ал, мәселенің анығы қайсы, жел сөзі қайсы екенін ажыратып беруге құзырлы органдар асығар емес. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылғалы ақпарат таратуға сараң болып кеткені рас.

Бұл бір жағы референдумның кезінде, соның арғы-бергі жағында елге негатив, биліктің беделін түсіретін ақпарат таратпай-ақ қоя тұрайық деген ниет болса керек. Бірақ қалай десек те, күнді алақанмен жасыру мүмкін емес қой. Мәселенің мән-жайы айтылмаған жерде жалған ақпараттың пайда болатыны, ал ол қоғамда әрқилы пікірлердің өрбуіне сеп болатыны айтпаса да белгілі ғой.

Сонымен Сайрамда не болды?

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейресми ақпараттарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері  Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің лауазымды шенеуніктерін пара алу үстінде ұстағаны жазылды. Әрине, бұл ресми емес, анық-қанығын зерттеуді қажет ететін ақпарат. Ал оларға пара берушілер Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық  жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков көрінеді. Бұл іске аудандағы бірнеше ауылдық округ әкімдерінің қатысы бар дейді. Олар параны не үшін берген болуы мүмкін?  Себебі осы аптаның дүйсенбісінде Убайдуллаевтың, Жүнісбековтің және бірнеше ауыл әкімінің істері облыстық Әдеп кеңесінде қаралды, олар өздерінің үстінен қозғалған тәртіптік істерді жеңілдету үшін  пара берген болуы мүмкін. Әзірге мүмкін ғана. Бұл істің шын мәнінде қалай болғаны белгісіз. Бірақ оның қисынға онша келіңкіремейтін тұстары көп.

Журналистік зерттеу жүргізу барысында анықтағанымыз, Убайдуллаев бастаған (ол Сайрам ауданы әкімінің жер саласына жауап беретін орынбасары әрі аудандық Жер комиссиясының төрағасы) бір топ шенеуніктердің, құрамында аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, бірнеше ауыл әкімі бар мемлекеттік қызметкерлердің  тәртіптік істері Әдеп кеңесіне осыдан бір айдай уақыт бұрын түскен. Прокуратураның ұсынуы бойынша. Мемлекеттік қызмет істері бұл бойынша тексеру, анықтау жұмыстарын жүргізіп қойған. Шенеуніктердің істері күн  тәртібіне қойылған. Оның үстіне тәртіптік жаза беру мәселесін департаменттің қызметкерлері емес, Әдеп кеңесінің мүшелері шешеді? Мұндай жағдайда сайрамдық шенеуніктер Мемқызметтің лауазымды қызметкерлеріне параны не үшін береді? Осының арғы жағында арандатушылық жатқан жоқ па?

Журналистік зерттеуімізді жалғастырайық. Дүйсенбі күні түс қайта расында да облыстық Әдеп кеңесінің отырысында  Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың және бірнеше ауыл әкімінің істері қаралды. Кеңес мүшелері әкімнің орынбасарын  атқарып отырған лауазымынан босату жөніндегі ұсынысты Сайрам ауданының әкіміне жолдады. Ал Сайрам аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков екі айға қамауға алынғанына байланысты кеңес жиынына келе алмаған көрінеді. Жиынға сайрамдық бір топ ауыл әкімдері де келген. Кеңес олардың үшеуінің істерін қарап, (Қарабұлақ, Манкент, Құтарыс) тиісті тәртіптік жазаларға ұсынған. Нақтырақ айтсақ, Қарабұлақтың әкімі Камилжан Абдилахатовты қызметінен босату, Құтарыстың әкімі Мырзахан Керімбеков пен Манкенттің әкімі Хикмат Ирисметов қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жазаға ұсынылған.  Бұдан бөлек Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы (қазіргі уақытта Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы) Алибжан Ибрагимовтың де мәселесі қаралып, Кеңес мүшелері оны да атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде ұсыныс берген.

Енді ең қызығына тоқталайық: Әдеп кеңесі жиыны  өтіп жатқан кезде  департамент қоныстанған ғимаратта, яғни сол мекеме ішінде мұздай киінген ҰҚК-ның қызметкерлері мәселелері қаралып жатқан шенеуніктерді күтіп тұрған. Олар тәртіптік істері қаралып біткен соң сайрамдық шенеуніктерді  өздерімен алып кеткен. Тергеуге әкетті  ме, әлде қамауға әкетті ме, ол жағы белгісіз.Тағы бір ашып айтатын жайт, қазіргі уақытта Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті төрағасының екі орынбасары да тергеушілерге жауап беріп жатқан көрінеді. Не де болса бұл іс бойынша анық ақпаратты ресми органдардан күтеміз.

Шухратулла Убайдуллаевтың тәртіптік ісіне аз-кем тоқтала кетейік. Жоғарыда айтқанымыздай, прокуратура Сайрам ауданында жерге қатысты қабылданған шешімдерге  тексеру жүргізіп, 200-ден астам заңсыздық анықтаған. Соның ішінде 7 факті Убайдуллаевқа қатысты.

Жалпы, Сайрам Шымкентке іргелес жатқан, халқы өте тығыз қоныстанған өңір. Мегаполиске жақын орналасқан ауылдық округтердің әкімдері жерлерді жаппай сатып жібергені туралы әңгімелер бұрыннан айтылып келеді. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді бөлшектеп сатулардың соңы үлкен дау-дамайға себеп болған. Шухратулла Убайдуллаевтың да  бұрыннан келе жатқан осы шатаққа басы шатылған. Айталық…

Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ш. Убайдуллаевтың 2024 жылғы 6 қарашадағы  қаулысымен М. Караибрагимовке Қайнарбұлақ ауылдық округі аумағынан 1,0 гектар жайылым жер учаскесі бау-бақша өсіру үшін берілген. Үш айдан кейін, 2025 жылғы 12 ақпандағы  қаулысымен аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «құрылыстар мен ғимараттар салу» деп өзгертіліп, жекеменшікке сатылған. Анықталған фактілердің бәрі осындай. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мақсаты кәсіпкерлікке ауыстырылған немесе бөлшектеліп сатылған, кейбір тұрғындарға заңсыз жер қосып берген. Жүнісбеков пен Ибрагимовке және ауыл әкімдеріне қатысты тірліктердің бәрі де осы мағыналас. Оның ішінде тұрғындарға жерді жалған құжат арқылы берген әкімдер де бар (Манкент).  Әрине, бұл анықталған заңсыздықтардың бергі жағы ғана. Оның арғы жағында біраз құпиялар бар ғой. Жауапты шенеуніктердің жердің мақсатын бизнеске бекерден-бекерге, тегіннен-тегінге ауыстырмайтыны бесенеден белгілі ғой.

Кеңес отырысында Ш. Убайдуллаев  кінәсін мойындаған жоқ. Ол барлық мәселені Жер комиссиясы мүшелері шешкенін, жер туралы Кодекске сүйенгенін  алға тартқан. Алайда прокуратураның анықтауынша, осы комиссияның құрамында болған депутаттар да  өзіне тиесілі жеріне қатысты мәселелерді оң шешіп отырған. Бұл депутаттар туралы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз.

Әкімге отставкі қаупі төніп тұр

Ендігі мәселе Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевке қатысты. Әлеуметтік желіде орынбасары сыбайлас жемқорлық қылмыспен ұсталған әкімнің отставкіге кететіні жазылып жатыр. Кейбіреулер Убайдуллаевты Оразалиев тағайындамағанын айтса, енді бірі жерге қатысты заңсыздықтар оның кезінде болмағанын алға тартуда. Осы мәселені сараптап көрейік.

Мадияр Оразалиев ұзақ жылдар Сайрам ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Былтыр жыл басында  Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып ауысты. Қазан айында Сайрам ауданының әкімі болып сайланды.

Заңға сәйкес, егер Шухратулла Убайдуллаевтың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны дәлелденіп, сот үкімі күшіне енсе, онда Мадияр Оразалиев облыс әкімінің атына отставкаға кету туралы өтініш жазуға міндетті. Себебі заң бойынша әкім қызметке келгеннен кейін үш ай өткен соң оның отставкіге қатысты жауапкершілігі басталады (ал байқағандарыңыздай, Оразалиевтің әкімдік қызметіне кіріскеніне бес  айдан асып отыр). Бұл жауапкершілік оның орынбасарларына, бөлім басшыларына және ауыл әкімдеріне қатысты болады. Ол қызметкерлерді өзі тағайындағаны немесе тағайындамағаны маңызды емес.

Екіншіден, жерге қатысты заңсыздықтар Оразалиев қызметке келгенге дейін болғанымен, олардың барлығы тәртіптік сипаттағы істер.  Ал пара беру (егер бұл қылмыстық факт дәлелденсе) Оразалиев әкім болып отырған кезде орын алған. Сондықтан қалай болғанда да іскерлігімен ел мақтауына іліге бастаған Мадияр Оразалиевке  отставкінің қаупі төніп тұр. Ал оның отставкіге жазған арызын қабылдау, қабылдамау облыс әкімінің құзырында. Қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмысы үшін Келес ауданының бұрынғы әкімі Ақментай Есбаев бір емес бірнеше рет арыз жазса да сол кездегі облыс әкімі оның отставкі туралы арызын қанағаттандырусыз қалдырғаны осындайда еріксіз еске түседі.

Дәл қазір бұл іс бойынша пәлен-түген деп айту қиын. Барлығы алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге әліптің артын бағып көрейік.

P.S. Айтпақшы, Әдеп кеңесінің осы жолғы отырысында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы  Бақытжан Төлімбет де атқарып отырған лауазымынан босату жөніндегі жазаға ұсынылды. Бұл мәселеге уақыты келгенде кеңірек тоқталатын боламыз.

 

«Рейтинг» газеті, 18 наурыз 2026 жыл.  

Leave A Reply

Your email address will not be published.