«Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс»: Балаева лагерьлердің сапасын жіті тексеруді талап етті

0 27

балалар лагері
Фото: Freepik.com

Үкіметте премьер-министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары жазғы науқанға дайындық барысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, медициналық көмек және каникул кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша қатысушылардың ақпаратын тыңдады.

Аида Балаева балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт барлық мүдделі мемлекеттік орган мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысын талап етті.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл демалыс іс-шараларымен 3,2 миллион баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл – елдегі оқушылардың жалпы санының 86,2%-ы.

“Жазғы кезеңде балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 179 маусымдық орталықта, сондай-ақ мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 894 орталықта ұйымдастырылады. Оқу-ағарту министрлігі білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібін жаңартты. Лицензиялар меншік нысанына қарамастан, ұйымдарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы 5 жыл мерзімге беріледі. Осы жылдың 1 мамырына дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актіні қабылдауды аяқтау жоспарланып отыр”, – деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі.

Министр балалардың жазғы кезеңдегі мазмұнды әрі пайдалы бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты. Оқушылардың 97%-ын пайдалы қызмет түрлерімен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатта шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттары бойынша бағдарламалар жүзеге асырылады.

Ал денсаулық сақтау министрі 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымына дайындық аясында балалар демалысының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру жұмыстары қолға алынған. Лагерьлер жұмысына рұқсат беру үшін олардың дайындық сапасы тексеріледі.

Ведомство алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау, сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне арналған балаларды медициналық қамтамасыз ету және сауықтыруды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа тамақтану стандартының талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты осы жылдың 10 мамырына дейін аяқтау жоспарланған.

“Жазғы демалыс қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс. Сонымен бірге жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызық, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өткізілуі қажет”, – деді Балаева.

Аида Балаеваның сөзінше, үйлестіру жұмыстары мемлекеттік лагерьлерді де, жекеменшік балалар лагерьлерін де қамтуға тиіс. Ішкі істер министрлігі оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, балалар сауықтыру лагерьлері қызметкерлерінің сапалық құрамын тексереді.

Балаева жазғы демалыс бағдарламаларының мазмұнын сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық іс-шараларға басымдық беріп, балалар қатысатын көшпелі іс-шаралардың қауіпсіздік шараларын күшейтуді, тамақтану сапасына, ауыз суға және лагерьлердің санитариялық жағдайына ерекше бақылау орнатуды, мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығына талдау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Бұдан бөлек «Жасыл сабақтар» экологиялық жобасының элементтерін жазғы бағдарламаларға енгізуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.