Қаламгерге бас қалада қашан ескерткіш-тақта орнатылып, көше беріледі?
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Черкасская оборона көшесі аса көрнекті қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртаза атына өзгермек. Мұны әлеуметтік желі арқылы сүйіншілеген Мәжіліс депутаты, Шерағаңның шәкірті Мейрамбек Төлепберген болашақта қазақ әдебиеті мен журналистикасының «қызыл жебесіне» ескерткіш қойылып, өңірлердегі көшелерге есімі берілетініне сенімді екенін жазды.
«Ардақты ағаның есімін ұлықтауда туған жері Жамбыл облысында нақты жұмыстар жүргізілуде. Шераға атындағы елтану мен руханият орталығы ашылды. Су жаңа ғимарат «Көне Тараз» кешенінде орын тепкен. Естуімізше, тұтас бір дәуірдің ірі қайраткері Шераға есімімен білім ордаларының атын атау республикалық ономастика қарауына ұсынылған» деді өз жазбасында депутат.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы екені белгілі. Шерхан Мұртаза тәуелсіздік туының биікте желбіреуіне, тұғырының нығаюына аз үлес қоспады. Мәселен, Камал Смайылов екеуінің жазысқан хаттарында көкейтесті мәселелер көтерілген. Шерағаңды елдің кешегісі ғана емес, бүгіні мен болашағы, ұлт мүддесі қатты толғандыратын. Артында қалған мұрасын оқығанда, сол анық байқалады. Қайраткер қаламгер қуатты шығармаларымен ғана емес, Парламент мінберінен сөйлеген қылыштай өткір сөздерімен де жұрттың жадында. Қазір Шерхан Мұртаза есімін есте қалдыру үшін қандай шара ұйымдастырылса да жарасады.
Осы тұрғыдан Алматыда атына көше берілуін қос қолдап қолдаймыз. Тәуелсіздіктің бесігі атанған шаһарда оның қаламы қатайды, тұлға ретінде қалыптасты. Астананың алғашқы күндерінен де елдің бас қаласының өркендеуіне атсалысты.
1999 жылдың 20 ақпанында ел газеті «Егемен Қазақстан» елордаға көшіп келгенде, басылымның бұрынғы басшысы ретінде сол кездегі бас редактор Ержұман Смайылмен бірге ұжымды бастап келді. «Астанаға тек «Егемен Қазақстан» ғана келген жоқ. Онымен бірге Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғабиттердің рухы ере келді» деген еді сонда, жарықтық, Шерағаң.
Анығын айтқанда, сол уақытта Шерхан Мұртаза елордада аталған тұлғалардың, Кенесарының, Әлихан Бөкейханның рухын өзі тірілткендей еді. 1999-2004 жылдары Парламент Мәжілісі ІІ шақырылымының депутаты болғанда елордада тұрды.
«Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан (қазіргі Ә.Мәмбетов – А.Қ.) көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы.
Түстікте бір үйден кейін – Есіл өзені. Оған төніп тұрған – Кенесары ескерткіші.
Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын…» деп жазған еді қаламгер «Бір кем дүние» кітабына енген «Көреген көсем» жазбасында. Шерағаң қолы боста Есіл өзені жағалауында серуендеп, Кенесары ескерткішінің түбінде демалғанды ұнататын.
2002 жылдың 4 қазанында Шерхан Мұртазаға Астана қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Бұл дер шағында шығарылған шешім болды. Бірақ қазір бас қала қаламгер есімін есте қалдыру тарапында өңірлерден қалып барады. Мәселен, былтыр Тараз шаһарында Шерағаң тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды, Алматыда көшеге есімі берілейін деп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрған үйіне де ескерткіш-тақтасын орнатып, көрнекті, кең көшеге есімін беру керек деп есептейміз.
Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясы, шаһардың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Шерхан Мұртаза есімін ескеруі тиіс. Жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада бірқатар тұлғалар атына көшелер берілетіні туралы жаздық. Шындығын айтқанда, сол тізімде Шерхан Мұртаза аты болмағанына таңғалдық. 19 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында қаланың кейбір құрамдас бөліктерін атау және қайта атауға қатысты көпшілік тыңдау өтпек екен. Осы мәселе де, яғни Шерхан Мұртазаға елордадан көше беру, ескерткіш-тақта орнату депутаттардың назарынан тыс қалмаса екен дейміз.