Тәулігіне 35 мың теңге: Kaspi.kz қақтығыс аймағындағы клиенттерін қалай қолдайды

0 40

Kaspi.kz Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында қалып қойған клиенттеріне күнделікті материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Компанияның Kaspi Travel-ы арқылы турлар мен екі бағытқа арналған билет сатып алып, қазір сол өңірде қалып қойған немесе транзиттік аумақта тұрып қалған азаматтардың әрқайсысына Kaspi Gold картасына күн сайын ақша аударылады.

Ересек адамдарға тәулігіне 35 мың теңге, ал балаларға 15 мың теңге көлемінде көмек беріледі.

Kaspi.kz өкілдері жағдай реттелгенше клиенттермен үздіксіз байланыста болып, қажетті қолдауды толық көрсететінін мәлімдеді.

«Өз қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етіңіздер, Қазақстанның елшілігі және консулдығымен тұрақты байланыста болыңыздар және ресми нұсқаулықтарды орындаңыздар», – делінген компания хабарламасында.

Қазақстан Сыртқы істерінің мәліметінше, дәл қазір Иранда 96 қазақстандық бар. Олардың арасында дипломатиялық қызметкерлер, студенттер, жергілікті кәсіпорындардың жұмысшылары мен жеке сапармен барған азаматтар тіркелген. Зардап шеккен отандастарымыз туралы ақпарат жоқ.

Азаматтарға заңдық көмек алу, елге оралу мәселелерін шешу үшін Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында көрсетілген шетелдік мекемелердің жедел байланыс телефондарына хабарласу ұсынылған.

 Ertenmedia.kz.

Коллаж: Ertenmedia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.