Бейжіңнен келген брендтер: Қазақстанда қытай көліктерінің саудасы рекордқа жетпек
Биыл елімізде Қытайда құрастырылған жүз мыңға тарта көлік сатылады.
Елдегі автокөлік нарығының беталысын болжаған Orbis Auto компаниясының бас директоры Динара Ысқақов қытайлық брендтердің бұрын соңды болмаған межеге шыққанын айтты. Сарапшының сөзінше, көрші елден келетін көліктердің сапасына қатысты күмән сейіліп, сұраныс жылған жылға артып келеді.
«Былтыр Қазақстанда 85 мыңнан астам қытайлық жаңа автокөлік сатылды. Бұл жалпы сауданың 38,4%-ын алды. Биылғы болжамымыз бойынша, қытайлық көліктердің саудасы 98 мың данаға жетіп, нарықтағы үлесі 42%-ға дейін өседі», – деді Ысқақова.
Маманның айтуынша, тағы бір маңызды тренд сатып алушылардың салқынқанды шешім қабылдауға көшуі. Көлікті несиеге алу мәмілелерінің үлесі 70 пайыздан асқандықтан, клиенттер көліктің құнына, қызмет көрсету сапасына және сатып алғаннан кейінгі қызметтерге көбірек мән бере бастаған.
Сарапшы биыл премиум санаттағы көлік нарығының күрт қысқаратынын атап өтті. Оның пікірінше, пайыздық мөлшерлеменің жоғарылауы, валюта бағамының тұрақсыздығы мен салық жүктемесі қымбат көлік сегментіне соққы болып отыр.
«Биыл премиум-сегменттегі сауда былтырғыдан сәл төмендеп, шамамен 5928 көлікті құрайды. Ал өткен жылы 5968 қымбат көлік сатылған», – деді Ысқақова.
Жалпы, Қазақстанда жаңа автокөліктер нарығы баяу, бірақ тұрақты түрде өседі. Былтыр 222 мыңнан астам жаңа көлік сатылса, 2026 жылы нарықтағы өсім 5%-дан сәл асып, 233,5 мыңға жетеді деп күтілуде.