Көгілдір экрандағы бесінші көктем

0 577

Қас қағым сәтте қамшы салдырмай қарыштап дамыған қоғамдағы жалт еткен жаңалықтарды қалт жібермей, өңір өмірінен сыр шертіп, өзіндік өрнегін қалыптастырып, аймақтың ақпарат айдынында жаңалықтың жаршысына айналып, ел арасындағы эфираралық бәсекелестік ортаны тудырған «77 TV» телеарнасына 5 жыл толды. 2016 жылы 18 сәуірде алғаш рет көрерменмен қауышқан арна бұл күнде жас журналистердің шығармашылығын шыңдайтын шеберхана ғана емес, сонымен қатар өзіндік бағыт-бағдары бар заманауи көзқарастағы ақпарат құралы болып отыр. Бұл ретте біз де әріптестерді саладағы бес жылдық белесімен құттықтап, алдағы жоспарларына қанығып қайттық.

– Осыдан 5 жыл бұрын, яғни дәл осы күні еліміздің әуе толқынына жаңа телеарна қосылды. Бұл – атырапта бұрын-соңды болмаған жаңа коммерциялық телеарна. Ақпарат аламанында топқа түскен арнамыздың тағасы нық. Тіршілігін тілшілікпен ұштастырған талай таланттарды топтастырды. Жас арна деп жасқанып, жатырқаған жоқ. «77TV» телеарнасы бүгінде 18 сағаттық эфир таратады. Жаңалық күнделікті 6 рет, оның ішінде 3 рет тікелей эфирде көрсетіледі. Бүгінде 25-тен аса қызметкер жұмыс істеп келеді. Ұжымның басым көпшілігі – жастар. Қазіргі таңда эфирде 18 хабар көрсетілуде. Солардың ішінде рейтингі жоғарылардың қатарында «Өзекті», «Көзқарас», «Ұлттық код», «Тарих. Тұлға», «Народ и власть» және «Журналист мамандығын өзгертеді» хабарлары бар. Жақында «Дәмді.кз», «Телепатруль», «Тараз тарландары», «HEADLINER.KZ» атты жаңа жобалармен телекөрермендерді қуантпақпыз. Тұсауы көкек айында кесілген телеарнаның 5 жылда жеткен жетістігі мұнымен бітпейді. Осы уақытта телеарна журналистерінің жеткен жетістік, марапаттары да аз емес. Анығы сол, өңір телевизиясына жаңа бір леп сыйлады. Бүгінгі биіктен бағаласақ, ұжым қызметкерлері идеология ретінде өңір, қала берді қазақ үшін әр іске мұрагерлік мұратпен үңілді. Бұл ретте жас ұжымның жасаған жасампаз жобалары жұртшылықтың жүрегіне жол таба алды. Бәсеке бәйгесінде біраз белесті бағындырды.
Алғашқы әупірімінен-ақ көзіқарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ұйымшыл ұжым тың жобаларын бірінен соң бірін ұсына берді. Әлі де алар белес алда, – дейді «77TV» коммерциялық телеарнасының директоры Ұлан Жолдықұлұлы.
Халқымыз үшін 7 саны қашанда қастерлі болғандықтан «77 TV» арнасына көпшіліктің бірден көзі үйреніп, көңілі толғаны жасырын емес. Небәрі бес жылда облыс жұртшылығына жағымды жаңалықтарымен танылып үлгерген телеарна ұжымы әлі де ізденіс пен талпыныс үстінде. Алдағы жоспарлары да аз емес.
– Мен алғаш келгенімде бұл жерде Жамбыл журналистикасының аға буын өкілдері арасындағы белді майталмандары жұмыс істеді. Солардан үйренерім де аз болған жоқ. Қай салада болмасын өзгеріс – уақыт талабы. Біреу кетеді, орнына басқа біреу келеді. Бүгінгі шығармашыл ұжым өте еңбекқор, ізденімпаз. Тәжірибесі жоқ жастардың өзі берілген бағытты тез іліп алып кетеді. Жастармен жұмыс істеген оңай. Олар идеяларға басымдық береді. Барлығымыз идеяларымызды ортаға салып, пісіріп, жаңа дүниемізді жүзеге асыруға бір үйдің баласындай атсалысамыз. Таяуда жаңа жобаларымызды жүзеге асырмақпыз. Қазір соған дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар бізге тұрғындар да үнемі хабарласып, мәселелерін айтып тұрады. Өз тарапымыздан кішкене болса да халыққа көмектесуге тырысу –
біздің кәсіби ғана емес, азаматтық та міндетіміз. Сондықтан да кейінгі келіп жатқан жастарға эфирдің сәніне емес, жұмыстың мәніне қызығып, соған басымдық берулерін ескертіп отырамыз. Бес жылдыққа үлкен концерт ұйымдастырсақ деп ойлағанбыз. Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты жүзеге аспайтын болды. Есесіне арнамыздың бес жылдығына арналған өнер байқауын жарияладық. Яғни өлең шумақтарын арнаса немесе сол секілді тағы да басқа ерекше өнерін жолдаса, оған қаржылай сыйлықтарымыз бар. Сонымен қатар өзіміздің арнамыздың гимніне түсірілген жаңа бейнебаянымыз жарыққа шығады. Алдағы бірер күнде бес жылдыққа арнаған үлкен арнайы хабарымыз көрсетіледі, –
дейді арнаның бас редакторы Перизат Созақбаева.
Көпшілік күнделікті экраннан көріп жүрген әр бағдарламаның артында осы шығармашылық ұжымның маңдайалды идеялары мен маңдай тері жатыр. Бұл туралы телеарнаның көрерменге алғаш жол тартқан сәтінен бері жұмыс істеп келе жатқан бас режиссері Дулат Шықпанбетов айтып берді.
– Оқуды бітірген бойда осында алғаш оператор болып еңбек жолымды бастадым. Кейін аға операторлыққа ауысып, 2017 жылдан бері күні бүгінге дейін телеарнаның режиссері қызметін атқарып келемін. Қазіргі бағдарламалар бұрынғы кездегідей шашыраңқы емес, толық, жинақы түрде назарға ұсынылуда. Көптеген тележобалар сарапталып, уақыт сүзгісінен өтті. Қазіргі менің міндетім – журналист пен оператордың ұсынған дүниелерін, бейне және дауыстарын, осындағы шығармашыл ұжымның еңбегін бір арнаға топтастырып, ел назарына ұсыну. Жұмыс шығармашылықты талап ететіндіктен өзіндік қиындықтары да, қызықтары да көп. Әрбір 10-15 минуттық бағдарламаның артында үлкен жұмыс жатыр. Біздің әрбір жалт еткен жақсы бағдарламамыз – ол жалпы ұжымның еңбегінің арқасы, – дейді Дулат Қанатұлы.
Уақытпен жарысып еңбек ететін епті мамандардың жауапкершілігі үлкен. Десек те, «сен тұр, мен атайын» деген талапты жастар топтасса, жұмыла көтерген жүк те ауыр болмасы анық.
– Телеарнада жұмыс істеп жатқаныма төрт жылдан асты. Өзім Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика мамандығын оқығанмын. Бірақ тәжірибеден «77 TV» арнасынан өттім. Бірден маған екі таңдау түсті. Оның екіншісі монтаж бөлімінде жұмыс істеу еді. Сол қырымнан да өзімнің қабілетімді байқап көргім келді. Солай ең алғашқы жұмысым арнадағы «Күн дерек» хабарынан басталды. Кейін жаңалықтарды монтаждаумен айналыстым. Екі жылдан астам уақыт бейне құрастырушы болдым. Одан кейін дизайнге ауыстым. Мұнда қазір телеарна логотипі, 3D роликтер, анимация, түрлі графикалар жасаумен айналысамын. Дәл қазіргі уақытта әлеуметтік бағдарламаларға арнайы шапкі дайындап жатырмын. Жұмыс барысында қанша жерден тәжірибе жинасам да, әлі үйренеріміз көп. Сондықтан әлі де көрермендерді көптеген жаңалықтармен қуанта береміз деген сенімдемін, – дейді арнаның бас дизайнері Нұрбол Қыстаубеков.
Қалай десек те Шерағамыз айтқандай, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» әріптестеріміздің алдағы жоспарлары тың. Іске асса, әрине, игілігі мол идеялары да көңіл қуантарлық. Біз де осынау мерейлі шақта шығармашылық ұжымға шалқар шабыт пен толайым табыс тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.