Семей қаласындағы Водный кентінде заманауи спорт кешені ашылды
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері қатысты.

Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, қысқа мерзім ішінде тұрғындардың игілігіне берілді.


«Естеріңізде болар, былтыр 2 мамыр күні осында арнайы келіп, жалпы аумағы 3400 шаршы метр болатын спорттық нысанның капсуласын салған болатынбыз.

Міне, небары 9 айдың ішінде халықтың игілігіне бергелі тұрмыз. Осы маңайдағы тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтаймын. 2025 жылы өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін Жаңасемей, Мақаншы, Бородулиха аудандарында осындай 3 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бүгін 2026 жылы алғаш болып Водный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына жиналып отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір парасы ғана. Сонымен қатар, Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Шымкент қаласы Водный кентіндегі №34 мектептің жанынан жаңа мәдениет үйін салып бермек. Құрылысы көктем шыға басталады. Аталған нысан тұрғындар үшін мәдени-рухани және спорттық орталыққа айналады», – деді облыс әкімі.
Водный кентінің тұрғындары жаңа спорт нысанының ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
«Осындай әлеуметтік нысандардың салынуы жастарымыздың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Келешекте еліміздің көк байрағын әлемдік, халықаралық және олимпиадалық дәрежеде желбірететін чемпиондар шықсын деп тілеймін. Қаладан шеткері жатқан аудандарға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Былтыр кентімізде мектеп ашылды, тағы басқа да нысандар салынғалы жатыр. «Водный» және «Восход» кенті тұрғындарының атынан алғыс айтамыз», – деді Водный кентінің тұрғыны Болатхан Бөгісов.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ