«Заң мен тәртіп — қоғам тірегі» тақырыбында конференция өтті
Тараз қаласында «Заң мен тәртіп — қоғам тірегі» тақырыбында конференция өтті
2026 жылғы 28 қаңтарда Тараз қаласындағы Д.Карбышев атындағы №16 орта мектепте «Заң мен тәртіп — қоғам тірегі» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, педагогтар және мектеп оқушылары қатысты.

Тараз қаласы Полиция басқармасының «Жібек жолы» полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ринат Ертаев қазіргі қоғамдағы заң мен тәртіптің маңызы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар киберқауіпсіздік тақырыбы да қозғалды. Қатысушыларға интернеттегі қауіп-қатерлер, жеке деректерді қорғау ережелері және интернет-әлімжеттік салдары түсіндірілді.
Оқушыларға жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптары, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді қолданудың маңыздылығы еске салынды.
Конференция барысында қатысушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.