«Балалар құқығын қорғау — жарқын болашақтың кепілі»
Заң мен тәртіп қағидаты аясында аудан орталығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты ашық диалог ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті арттыру. Жиын барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігіне, құқықтық сауатына және отбасы мен мектептің ортақ міндетіне ерекше назар аударылды.

Ашық диалогқа арнайы шақырылған аудан прокуроры Махмутов Болат Берікұлы, білім бөлімінің басшысы Мұқашев Мәлік Мұратәліұлы, сондай-ақ Мойынқұм АПБ ҚҚб ЮПТ УПИ полиция лейтенанты Әуесбек Әлішер Саруарханұлы қатысып, қатысушылармен еркін форматта пікір алмасты. Мамандар балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеудің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында ең алдымен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі жан-жақты қаралды. Қатысушыларға заңнамада қарастырылған жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары және әрбір баланың қорғалуға тиіс негізгі құқықтары туралы нақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, спикерлер құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, ең алдымен ата-ана, білім беру ұйымдары және қоғам болып бірлесіп атқаратын ортақ міндет екенін жеткізді.
Аудан прокуроры балалардың құқықтарын қорғауда заң талаптарының қатаң сақталуы керектігін айтып, кез келген қысым көрсету, психологиялық зорлық, қорлау немесе немқұрайдылық сияқты әрекеттердің арты ауыр салдарға апаратынын ескертті. Сондай-ақ ол қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде қолдау көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алуда ерте әрекет етудің тиімділігі туралы да тоқталды.
Білім бөлімінің басшысы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіз орта қалыптастырудың рөліне мән беріп, мектеп пен ата-ананың байланысы күшеймей, мәселені түбегейлі шешу қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек мектепке немесе тек отбасыға артылмайды, бұл – екі тараптың да ортақ жұмысы. Кездесу барысында оқушылардың өздерін қауіпсіз сезінуі, кез келген жағдайда ересектерден көмек сұраудан қорықпауы керектігі де айтылды.
Мойынқұм ауданы