Сарыбұлақта шаруалармен вегетация кезеңіне дайындық талқыланды
Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев аймаққа жақын орналасқан бірнеше ауылдық округтің шаруаларымен кездесу өткізді.
Жиынға ауыл шаруашылығы бөлімі, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы вегетация кезеңіне дайындық барысын нақтылап, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылау.
Жиында оңтүстік өңірлерде соңғы жылдары су тапшылығының байқалып отырғаны атап өтілді. Биыл көршілес Қырғыз Республикасымен келісілетін су көлемінің азаюы суармалы су жағдайын күрделендіруі мүмкін екені айтылды. Осыған байланысты шаруаларға суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне көшу жөнінде ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов суармалы суды бөлу тәртібі мен шаруалармен жасалатын келісімшарттардың жаңа тәсілдері туралы түсіндірме жасады.
Жиын барысында суды үнемдеу, егіс құрылымын қайта қарау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы екені атап өтілді. Алдағы науқанға жауапкершілікпен дайындалу әрбір шаруаның негізгі міндеті екені баса айтылды.