Абай облысында 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары мен облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі және оларды қорғау шаралары қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бекжан Бапышев және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

«2026 жыл облысымыз үшін инфрақұрылымдық даму мен құрылыс саласында жаңа белестерге жол ашатын маңызды кезең болмақ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру – басты басымдықтардың қатарында. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың сұранысына сай қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталады», – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ