ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ ЕДІ
1975 жылдың ақпан айының 18-19 жұлдыздарында жаңадан алған қызметіме орай бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында болған едім.
Қала іші үлкен дүрбелеңге айналып, барлық аумақтарда тазалық жұмыстары қызу қарқын алып, тәртіп сақшылары аса сергектікке көшкеніне таңғала отырып, облыстық мекеме басшысы Илоридан Сәттібаевтың қабылдауынан бірақ шықтым. Бастығымыз қаладағы қауырт қолға алынған игілікті шаралар республиканың бірінші басшысы Қонаев Дінмұхамед Ахметұлының арнайы сапармен келуіне байланысты екенін жеткізді.
Сол жылы ақпан айы шаруаға өте қолайлы болып, шымкенттіктер көктемгі егін егуге кірісіп кеткені күнделікті теледидар экранынан жиі беріліп жатқан.
Облыстағы басқосу шаралары аяқталған сәтте, 20 ақпанда Д.Қонаевтың Мойынқұм ауданында болатынын ести сала, дереу қайыра жолға шыққан едім.
Айтылғандай-ақ аудан орталығы уақыт талабына сай безендіріліп, орталық алаң мұнтаздай тазаланып, тиісті транспоранттар қайта жаңартылып үлгергенінің куәсі болдық.
Сонымен 20 ақпанда таңғы сағат 9-дан бастап аудандық партия комитеті мен атқару органдарының барлық атқа мінерлері орталық алаңға жиналды.
Дінмұхамед Ахметұлына деген қалың елдің ықыласы өте жоғары екені белгілі жайт. Соған орай қалың көпшілікті сейілту мақсатында ауыл тұрғындары мен еңбек адамдарының Ұлы Отан соғысының құрбандарының 30 жылдығына арнайы бой көтерген ескерткіш белгі (обелиск) маңына топтасуы қарастырылған екен. Себебі аудан басшыларының ішкі жоспарына орай республика басшысы Отан соғысы құрбандарын еске алып, арнайы гүл шоғын қою белгіленген еді.
Сонымен таңғы сағат 10-дар шамасында аяулы да, ардақты біртуар азамат Дінмұхамед Ахметұлы мінген көлік керуені орталық алаң шетіне жетіп тоқтады.
Автокөліктен еңгезердей алып денесі менмұндалап ерекше көзге түскен республика басшысы асықпай, күтіп тұрған аудан басшылары мен екі мәрте Еңбек Ері, шопандардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаев тұрған топқа бет алды.
Күні ілгері белгіленген жобаға сай Жазекең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков бастаған бюро мүшелерінен оза шығып, Д.Қонаевты қарсы алды.
– Ассалаумағалейкүм, Жазеке, — деп екі қолын бірдей ұсынып, – Ел жұрт, бала-шаға аман ба, — деді.
– Аллаға шүкір, аман-есен, -деген Жазатаның жауабына орай:
– Жеңгейлер аман ба? Қойшыбай пен Тойшыбай аман ба?, — деп қолын жіберіп арқасына қолын алып, құшағына алған сәтте еңгезердей денелі Жазылбектің бойы Қонаевтың қолтығына әзер жетіп тұрғанына көпшілік куә болып қол шапалақтап, ризашылық білдіру сәтінде:
– Олардан кейін бала болды ма?, — деген ел егесінің сұрағына:
– Болыңқырамай тұр, — деген жауабына бүкіл тұрған жұртшылыққа бұрыла қарап:
– Жазеке, күдер үзбеңіз. Құдай қаласа болады, — деді де, Жазекенді жетекке алып, мазасыздана күтіп тұрған аудан басшыларына бет алды.
Арнайы жасалған коршау сыртында тұрған біздер Қонаевтың аудан басшыларының әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, жоғары ілтипатпен амандасқанның куәсі болдық.
Аман-есендік сұрасу сәті аяқталып, аудан басшыларын ілестіріп, аудандық партия комитеті ғимаратына еніп кетті.
Оқиға жалғасын асыға күткен алаңдағы көпшілік бас-аяғы 20-минут шамасында қайта бой көрсетіп, айқара ашылған есіктен асықпай шығып келе жатқан ел егесінің ерге лайық бітіміне ризашылықпен, әрі сүйіспеншілікпен көптің көз тіккен сәтінде артынан асыға шыққан көмекшісі Дүйсетай Бекежанов:
– Димаш Ахметович! Имашев телефон соқты. Сіз баруға бет алған Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл қоюға болмайды. Москва бекіткен программада жок, — дегенін, небәрі екі-үш қадам жерде тұрған біздер анық өз құлағымызбен естігенде:
– Ойпырмай! Ондағы күтіп тұрған қалың көпшілік не күйге түсер екен,- деп ой елегінен өткізіп үлгермей:
– Әй, сен Имашевқа телефон шалып, мен ескерткішке гүл шоғын қойды деп газетіне жазбай-ақ қойсын деп айт. Мен міндетті түрде сонда барып гүл шоғын қоямын. Өйткені, мен сондағы күтіп тұрған көпшіліктен үлкен емеспін. Әрі ел үшін, жер үшін құрбан болған азаматтар рухы алдында оларды еске алып гүл шоғын қою перзенттік парызым деп білемін, — дегенде артынан иін тіресіп келе жатқан аудан басшылары мен сондағы көпшілік ду қол шапалақтап, шексіз ризашылығын білдірді.
Айтқандай тиісті орында болып, сондағы күтіп тұрған көпшілікпен үлгергенінше амандасып, пікір алмасып, өзінің үлкен адамгершілік болмысына, еліне деген сүйіспеншілігіне сай көрсеткен іс-қимылы сондағы қалың елдің ұзақ жылдар ұмытылмастай есінде қалғаны уақыт еншісінде.
Уақыт зырлап өтіп, 1979 жылдың қыс айларының бірінде ел егесінің көмекшісі Дүйсетай мырза арнайы тікұшақпен қасқыр аулауға Мойынқұмға келді. Жері тегіс, оның үстіне ақбөкеннің тұрақты мекеніне айналған Бетпақдаланың теріс азулы бөрілердің көптеп кездесетін Шу, Мойынқұм, Қарабөгет, Байтал совхоздарына қалың малды қорғауға көмек көрсету ретінде шешім шығарып, әр совхозға екі күннен тік ұшаққа тиісті қаражатты төлеу белгіленді.
Шу қаракөл совхозынан бастап, келесі кезек мен партком секретары міндетін атқарып жүрген Мойынқұм совхозына да келді. Аң аулау үрдісіне біз тікелей қатыспай, тек Дүйсетай Бекежанов бастаған аңшы азаматтарды сыйлы меймандар ретінде қабылдауға атсалыстық.
Кезекті дастарқан басында аңшылық әңгімелерден тақырып ауыса отырып, Димаш Ахметұлының ел басқарудағы көрегендігі, ешбір оқиғаны, өмір жолындағы елеулі сәттерді қалт жібермей, жете мән беріп өнер адамдарымен іс-қимылына ұдайы көңіл бөліп отыратыны жайлы әңгімелер барысында Дүйсетай мырза осы тақырыпқа дәлел ретінде:
– Бірде Димаш Ахметұлы маған Шәмші Қалдаяқовты көптен көрмегенін айтып, жолықтыруымды сұрады. Дереу тиісті мекемелер мен облыстарға хабарласып, композитор ағамызды табуға тапсырма берілді.
Оншақты күн шамасында Шәмшінің Алматыға келгені белгілі болып, ақсақалдың қабылдау күнін белгіледік. Уәделі күні мұнтаздай жарасымды киімдерімен қабылдау бөлмесіне отырғызып, кезекті жиналыстан босаған кезінде Димаш Ахметұлының қабылдауына кіргіздім.
Есікті айқара ашып, өзіне тән жеңіл жүрісімен ішке енген Шәмшіні ақсақал орнынан тұрып, қарсы алып, алдындағы орынға жайғастырды да, өз орнына отырып, отбасының амандығын, күнкөріс жайын сұрады.
Шәмші өзі, үйдегі зайыбы мен балалары амандығын, күнкөрісі қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты.
Одан әрі республика басшысы композиторлар мен жазушылар, өнер адамдары жайлы көптеген сұрақтар қойып отырды. Шәмші өз кезегінде ешбір жазушыға, композиторларға реніші жоқ екенін, олардың тек жақсы жақтарына ғана көңіл бөліп, өмір сүріп отырған ортасына оң баға беруден танбады. 15-20 минуттар шамасындағы әңгіме желісі қайта оралып, отырған, үйі жайлы сұрағанда:
– Ой, аға! Нұрғиса ағамызбен бірге қабылдауыңызда болғанда өзіңіз бергізген екі бөлмелі үйдеміз. Біздің отбасымызға толық жарап тұр, — деді.
Қонаев ағамыз маған қарап:
– Әй, Дүйсетай! Ертең қалалық атқару комитетінің төрағасы Төребековке менің атымнан хабарласып, Шәмшінің үйін үш бөлмелі үйге ауыстырып беруін тапсыр, әрі орындалғаны жөнінде мені хабардар етесің, — деді.
Мен қойын дәптеріме кезекті тапсырмасын жазып алған кезімде екеуара пікірлесу аяқталып, Шәмші орнынан тұрып, ақсақалдың қолын алып қоштасып, шығар есікке қарай бет алған сәтінде Димаш Ахметұлы:
– Әй, Шәмші! — дегеніне ол тоқтай қалып:
– Аға, құлағым сізде, — деді.
Қонаев өз кезегінде:
Әлгіңді, Әлгіңді, Әлгіңді!, — деп қолын созып, ишарат білдірді.
– Түсіндім, аға!, — деп жауап беріп, Шәмшінің есіктен ұзап шыққан сәтінде, мен өзімнің Шәмшіге деген ішкі қынжылымды сыртқа шығарып:
– Ой! Димаш Ахметұлы! Шәмшіге бір адамның сөзі өтсе ол сіз. Осы ішкілікке салығаныңды қой деп неге жанына батырып айтпадыңыз,- дедім.
Димаш Ахметұлы жұлып алғандай реніш көңілімен:
– Дүйсетай! Сен таза ақымақ екенсің ғой! Ол қазақ халқының еркесі. Ел оның әнімен оянып, әрбір сәті Шәмшінің әндерінсіз өткізбеуі дәлелдеуді қажет етпейтін үрдіс. Мен ғой аз ғана коммунистер тобының басшысымын. Бүкіл көңілі ояу қазақ халқы алақанына салып, аялып отырған, теңдессіз композитор адамның арына тиюге қандай правом бар. Мен «әлгіңді» дегеннің өзін өте қиналып, зорға айттым.
Ал, сен бұдан кейін де Шәмшіге қатысты артық қимыл, оғаш сөз айтпағаның дұрыс болар, — деп зілді үнмен «бара бер» дегенде айтқан пікірімнен, оған қатысты басшыдан естіген ауыр сөздерден әрең ес жинап сүйретіліп шығып кеткенім әлі есімнен кетпейді, — деп әңгімесін аяқтаған болатын.
Димаш Ахметұлының жоғарыдағы еске алған өмір жолындағы қас-қағым сәттерден-ақ қандай ұлы, кең жүректі, халқын шынайы сүйе білген, Отанына қажымас қара нардай өлшеусіз еңбек еткен мың жылда біртуар азаматтың бірі, әрі бірегейі екені даусыз. Ал, Д.Қонаевтың сол соңғы қабылдауындағы, «Әлгіңді» үш қайталаған өтінішін қалған ғұмырында Шәмші ағамыз Құран аятындай басшылыққа алып, ащы судан мүлдем аулақ болғанына қатарында бірге болған азаматтардың естелігінде жазылып та, айтылып та жүр.
Сағат АЛДАБЕРГЕНОВ,
ауданның Құрметті азаматы.