Санаға сілкініс керек
Еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлық туралы … мемлекеттік функцияларды орындайтын адамдардың, сондай-ақ лауазымдық өкілеттерін және олармен байланысты мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жеке өзі немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңда көзделмеген қабылдауы не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, сол сияқты осы адамдарды жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы сатып алуы», — деп сипаттама берілген екен.
Осы қоғамға жат қылыққа қарсы күрес бүгінгі таңда мемлекеттік сипатқа ие болып отыр. Дегенмен, осынау тамырын тереңге тартып үлгерген сыбайлас жемқорлық әрбір адамнан үлкен жауапкершілік пен төзбеушілік қасиетті қажет етеді.
Мына бір мәліметке де жүгіне кетейік. Transparency International халықаралық қорының мәліметіне сүйенсек Қазақстан 180 елдің арасында 88-ші орында тұр екен. Бұл көңіл көншітер мәлімет емесі анық.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жаза қарастырылған. Және ол азаматты мемлекеттік қызметте немесе оған теңестірілген қызметте болу құқығынан айырады.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» нормаларында ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар (тұспалдау, емеурін білдіру, ым-ишараттар және тағы басқаларды пара беру немесе алуға ұмтылу әрекеті ретінде қарау) біршама оң өзгерістердің жүзеге асуына ықпал етуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,- деп жатамыз. Осынау еліміздің қарқынды дамып, өсіп-өркендеуіне барынша кері әсері мен кесірін тигізіп отырған жемқорлықпен қоғамымыздың әрбір мүшесі, әрбір азамат өзінің белсенді әрекетімен тосқауыл қоюға, күресуге ықпал етуі керек.
Бұл бағыттағы іс-әрекетті тек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің міндеті деп қарайтын болсақ қателесеміз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысына мемлекеттік мәртебе беріліп отырған тұста баршамыз бұған бейтарап қарап, бейтарап көзқарас танытпауымыз керек. Санаға сілкініс керек.
Бұл саладағы жұмысты еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы саналатын жастарымыздың бойына да сіңіруіміз керек. Олардың сана-сезіміне осынау жат әрекеттен жастайынан аулақ болу қажеттігін түсіндіруіміз қажет.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар, мекемелер мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар және жеке тұлғалар жүргізуі керек екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мамырбек Есқараев,
«Игілік» көп салалы кәсіпорны КМК директорының орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты