Рамазан айында 4 ауыл ішімдіктен түбегейлі бас тартты
Бұл жан жадыратар жаңалық туралы Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев өзінің фэйсбук парақшасында жұртшылықты Рамазан айымен құттықтауында сөз етті.
«Барлықтарыңызды қастерлі Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Ниеттеріңіз қабыл, Отанымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қасиетті Рамазан айын жамбылдықтар ерекше леппен қарсы алуда.
Таразыда салмағы ауыр айдың қарсаңында аудандағы Шәкен Ниязбеков, Шайқорық, Танты, Қапал ауылдары ішімдіктен түбегейлі бас тартып, бүткіл мұсылман қауымына үлгі боларлық іс жасады. Ауыл қариялары мен жастары бастамашыл болған игілікті ісін жергілікті дүкен иелері де мақұлдап, зиянды сусынды тек осы айда ғана емес, мүлде сатылымға шығармайтынын уәде етті. Бұл — батагөй ақсақалдарымыздың және жалынды жастарымыздың еңбегі.
Алла тағала қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылығымызды қабыл етсін!
Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтсын! Дінімізге қуат, өзімізге иманның байлығын берсін» — деді Сәкен Қаланұлы өз жазбасында.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,