Жамбылда энергетикалық және коммуналдық сектор жаңғыртылуда
Жамбыл облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Коммуналдық желілерді жаңғыртуға қомақты қаражат бөлінді
Ұлттық жоба аясында облыста бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту көзделген. Атап айтқанда:
• Жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін азайтуға – 61,3 млрд теңге;
• Электрмен жабдықтау желілерін жаңғыртуға – 19,9 млрд теңге;
• Сумен жабдықтау жүйелерін жақсартуға – 24,6 млрд теңге;
• Су бұру желілерінің тозуын төмендетуге – 6,4 млрд теңге;
• Кәріз-тазарту құрылыстарын салуға – 80,7 млрд теңге бөлінді.
Облыстық Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС және «Жамбыл Су» КМК ұлттық жобаға қатысуға қажетті құжаттарды дайындауда.
Жылу инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда
Өңірде жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде облыста 350,7 шақырымдық жылу желісі, 9 жылу-энергетикалық кешен және 593 автономды қазандық жұмыс істейді. Олар 1646 көпқабатты тұрғын үй мен 1737 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етіп отыр.
2023 жылы Тараз қаласындағы М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау және Жаңатас қалаларындағы орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтті. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Энергетикалық секторды дамыту – басым бағыт
Жамбыл облысында энергетика саласын дамыту мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар өңірдегі электр қуатының тұрақтылығын арттырып, тұрғындар мен кәсіпорындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұлттық жобаны іске асыру барысында жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылады.
Жалпы, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту бойынша қабылданған шаралар Жамбыл облысында инфрақұрылым сапасын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын едәуір жақсартуға ықпал етпек.