Құқықтық тәрбие отбасынан басталуы керек

0 12

Кез келген қоғам тәртіпке негізделген. Қоғамда тәртіп болмаса, ол қоғам құлдырайды, келешегі болмайды. Сондықтан, адамдар ежелден-ақ қоғамда түрлі ережелер мен заң нормаларын енгізе отырып, тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған.

Біздің қазақ қоғамында да түрлі ережелер мен заңдар жинағы ел ішінде тәртіп орнату жолында қызмет еткен. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» сияқты тарихтан белгілі ережелер жинағы- соның дәлелі. Бұл заңдар жинағы маңызды рөл атқарды. Сол кездегі қауымның қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін негізге ала отырып, жеке адамдар, ру-тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін белгіледі. Сол заманның талабы, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық, әлеуметтік ахуалы ескеріліп, заңдар мейлінше жетілдіріліп отырды.

ХVІІІ ғасырдан бастап қазақ елінің үш ғасырға жуық Ресей империясының қол астында, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болған кезіндегі қабылданған заңдар мен ережелерден бөлек, еліміз егемендік алғаннан кейін қабылданған Конституциямыз өз өміршеңдігін көрсетіп, еліміздің демократиялық жолмен даму бағытын айқындады. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде.

Адам баласы өмір сүрген ортада құқықбұзушылық орын алмай тұрмайды. Яғни, бұл шартты құбылыс. Құқықбұзушылық – заңды, оның қағидаларын, құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Құқықбұзушылық – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі.

Кез келген заңбұзушылық адамның мінез-құлқы арқылы байқалады. Қандай да болсын іс-әрекет мінез-құлық, сана-сезімнің қатынасуынсыз жасалмайды. Олар ойдың елегінен өтіп, саналы түрде іске асады.

Қылмыс-бұл құқықбұзушылықтың бір түрі. Қылмыс басқа құқықбұзушылықтардан, оның қылмыстық заңмен белгіленетіндігімен және оны жасағанда қылмыстық жауапкершіліктің болуымен ерекшеленеді.

Айыптылық түріне қарай қылмыс қасақана және абайсызда жасалған қылмыс болып бөлінеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодесінде көзделген іс-әрекеттің сипатына және қоғамдық қауіптілік деңгейіне қарай жеңіл қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және ерекше ауыр қылмыстар санаттары айқындалған.

Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның жауаптылығын, жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның кері күші болады. Егер жаңа қылмыстық заң адамның жазасын өтеп жүрген іс-әрекеті үшін жазаланушылықты жеңілдетсе, онда тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң шегінде қысқартуға жатады. Іс-әрекеттің қылмыстығын немесе жазаланушылығын белгілейтін, осы іс-әрекетті жасаған адамның жауаптылығын немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның кері күші болмайды.

Ал, енді қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза. Әр қылмыстың өз жазасы болады.

 Тура жолдан тайып, ағаттықпен немесе абайсызда қылмыс жасаған айыпталушыларға жеңіл жаза қолданып немесе кешірім жасауға болатын шығар.

Бірақ, қасақана жасалған ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар үшін  жазаның қатаң болғаны дұрыс. Себебі, қасақана жасалынған қылмыстарды ауыздықтау үшін жазаны күшейту керек.

Дегенмен, қылмыс жасағаны үшін адамды жазаға тартқаннан гөрі, қоғамда қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алған әлдеқайда тиімді.

Адамдардың, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің құқықтық санасының төмендігі құқықбұзушылыққа әкеліп соғып жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыру керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», -деп атап көрсетті.

Бұл ретте азаматтарға мектеп қабырғасынан бастап құқықтық тәрбие беру -бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Құқықтық тәрбие жастар мен жасөспірімдер арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, оларды қажетті құқықтық біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сондай-ақ, жеке адамның да, жалпы алғанда қоғамның да құқықтық санасын және құқықтық мәдениет қалыптастырудың, қоғамның құқықтық мұраттарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызы зор.

Құқықтық білім беру арқылы адам құқықты ұғынады және оның санасы қалыптасады, дамиды. Құқықты ұғынумен қоса, тұлғаны заңды құрметтеуге, қорғауға, орындауға дағдыландыру мен заңның әділдігіне сендіру – құқықтық сананың негізгі белгілері.

 Біздің мемлекетімізде жастарға құқықтық тәрбие беру ісіне баса назар аударылып келеді. Өйткені, құқықтық сананың төмендігі қоғамда жат қылықтарды туғызады.

Құқықтық тәрбие негізінен отбасынан басталады. Тұлғаның жеке басының жаман және жақсы қасиеттерінің негізі отбасынан қалыптасады. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдердің өнеге алып үлгі тұтары – ең алдымен өздерінің ата -аналары.

Осы орайда педагог әрі жазушы А.С. Макаренко: «Тәлім-тәрбие, кең түрде алғанда әлеуметтік процесс. Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен, адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтар бірінші орынға шығады» деген екен. Сондай-ақ, оның: «анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшін, әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек» деген пікірін ұмытпаған жөн.

Яғни, құқықтық тәрбиелеу отбасынан және мектеп қабырғасынан бастап жүзеге асады. Бұл ретте де құқық пен тәрбиенің өзара байланысты әрекеті негізінен ата-аналар мен ұстаздар арқылы іске асырылады. Құқықтық тәрбиенің мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастырып, оларды заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу.

Құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері-қоғамдық тәртіпті, заң нормаларын бұзбау, заңның күшіне сену. Ал, құқықтық мәдениеті дамыған тұлға  ол мемлекеттің үлгілі азаматы болады.

Мұның бәрі сайып келгенде және құқықтық тілмен айтқанда  заңды білумен астасып жатыр. Заңды білген адам өзгелерге, қоғамға, өзі өмір сүріп отырған ортаға құрметпен қарайды. Дегенмен, өмірде заңды білмегендіктен зардап шегіп, опық жеп, өзін қорғай алмай жүрген адамдар қаншама…

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз еліміздің болашағы жарқын, құқықтық мәдениеті дамыған мемлекет болуы үшін халықтың құқықтары мен тәлімін ең алдымен өскелең ұрпақ — балалардан, жастардан бастағанымыз жөн.

Қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі, құқықтық мәдениеті дұрыс бағытта жүргізілмесе, ол мемлекеттің келешегінің кемел болатынына сену қиын.

Сол себепті де қоғамның дамуына баға беру көп жағдайда адам тұлғасының құқықтық тәрбиесімен және мәдениетінің деңгейімен айқындалатыны сөзсіз.

Президент айтқандай, кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан алысты көздеп, тек заңға арқа сүйеуіміз қажет.

Асан Тілемісов

arainfo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.