Аймақ Еңбек озатына айналған сауыншы

0 13
Ауылдың берекесін сақтап отырған қарапайым еңбек адамдары мен жұмысшы мамандар. Олар кеше еңбектің озатына айналса, қазіргі қарттық жасқа жеткен шақта да сол қасиетті мекеннен ұзаған жоқ. Сондай қарапайым еңбегімен еленген жанның бірі – Шу ауданы, Жаңақоғам ауылдық округі, Көктөбе ауылының тұрғыны Нұршай Жапарова.

1959 жылдың қараша айында 17 жасында үлкен әулетке келін болып түсіп, аз күннен соң ұжымшардың жұмысына араласып кетеді. Сегіз жылға жуық қызылшашы болып, тәтті түбірдің мол өнімі жолында тер төкті. Мұнан соң кеңшардың тауарлы сүт фермасына сауыншы ретінде алғашқы айлардан көзге көрінгені жастық жылдардағы сағыныш. Ол кезде жұмыс күшін жасақтау оңай емес. Ауыр жұмысты мойынсұнып істейтін сауыншылар қатары кемде- кем. Тәулігіне бір сауыншы 320 литр сүт саууы керек. Бұл – орындалуы тиіс жоспар. Күн сайын 8 фляг сүт сауған қыз-келіншектердің сол жылдардағы тынымсыз еңбектері нағыз бейнет емес пе? Қазіргі уақытта арнайы аппараттармен сиыр саууға ерінетіндер қаншама? Бірақ сол ауыр бейнетті жұмыс атқарылып, жоспар орындалып жатты. Тіпті, жоспарды асыра орындағандардың алдыңғы шебінде сауыншы Нұршай Жапарова бар болатын.

Кеңестік кезеңде жұмыс қандай ауыр болса, озаттарды марапаттау жағы да жүйелі түрде жүзеге асты. Озат еңбегі үшін Нұршай да талай рет сыйлықтар ұтып алып, автокөлік те мінді. Осылай, адал еңбегімен көзге түскен жас сауыншы Нұршай Несіпбайқызы аудандық, облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Депутат бола жүріп ауылдың өзекті мәселелеріне назар аударды. Ал, 1971-1976 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Жоғарғы кеңесіне әйгілі әнші Бибігүл Төлегеновамен, Шу ауданы «Жаңа жол» кеңшарының директоры Галина Адаменко, Валентина Каненко барлығы бірге депутат болыпты. Шу вокзалының салынуына, әсіресе Адаменко депутат ретінде ұсыныс айтып, ерекше үлес қосқан екен. Сол кезде Нұршай да әріптесі ретінде қолдай білген. «Бұл кісі ауданынымыздың мақтанышы. Шу ауданының құрметті ардагері. Ауылдастары осындай еңбек озаты болған алдыңғы толқынмен де мақтанады. Ауылдың ардақты еңбек ардагерлерін аудан әкімдігінің және кәсіпкерлердің қолдауымен Астана қаласына қыдыртып, мектептерде кездесулер өткізіп тұрамыз», – дейді Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Махамадиев. Сауыншы Нұршай Несіпбайқызының тілегі жастармен бірге. «Ол кездегі талап басқа. Технология жетілмеген. Кеңшар жұмысының көпшілігі қол жұмысымен, кетпен-күрекпен атқарылды. Сол қиындыққа шыдап, замандастары мең бекте аянып қалған жоқ. Күніне 45 сиыр сауу деген айтуға ғана жеңіл жұмыс. Сол ауыр бейнеттен кейін үйімізде де келін атқаруға тиіс бітпейтін тірлік күтіп тұратын. Өмірлік жолдасым Қуатбек Жапаровпен 65 жылға жуық бақытқа толы, сыйластыққа толы ғұмыр кештік. Ол кеңшарда көлік жүргізуші болып еңбек етті. Еңбек ардагері атанды. Екеуміз бес ұл- қыз тәрбиелеп өсірдік. Отағасы 80 жасында бақилық болды. Ауылдағы қарапайым жұмысшыны қолдап жатқан Мемлекет басшысына шынайы алғысымды айтамын. Немерелеріме, ауыл жастарына жолдарың ақ, көңілдерің шат болсын деп үнемі ақ батамды беріп отырамын», – дейді еңбек ардагері Нұршай Жапарова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

 

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.