Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғындары шамадан тыс көбейген шибөрі ауыл малына ауыз сала бастағанын айтады. Шалғайдағы шаруалардың айтуынша, қараңғы түсе ауыл маңы азан-қазан болады. Жабайы жыртқыш өрісте қалған ұсақ малды жеп, қора-қопсаны торуылдай бастаған. Түнде жалғыз жүруге жүрексінген тұрғындар шибөрі санын реттеу үшін жергілікті биліктен көмек сұрайды.
Есенғали Кемелов Майтөбе ауылы маңындағы шаруашылықта қой бағады. Күзден бері шибөрі көбейіп, ұсақ малды жеп кетіп жүргенін айтып отыр. Өлексемен қоректенетін түз тағысынан ауру жұға ма деп қорқады. Оның айтуынша, жыл басынан бері қырыққа жуық қой-ешкі белгісіз себептен қырылған. Ал ауыл іргесіне дейін кіріп жүрген шибөрі жаңа туған қозы-лақты жеп кететін көрінеді.
«Төлдеу мезгілі келді. Шибөрі төлге, қойға шауып жатыр. Не амал табарымызды білмей отырмыз. Ең қиыны қазір өріске шығара алмаймыз. Шығарсақ, малды тартып кетіп жатыр», — дейді ол.
Тұрғындар бұрын тек көл жағасын пана еткен түз тағылары қазір Қаратаудың басына дейін барғанын айтты. Ал ауылдағы ит жүгірткен аңшылар қорқауды қанша қырғанмен, оның саны азаймай тұр екен.
Ауыл тұрғындары шибөріні шетінен қырғаннан пайда жоқ екенін айтады. Олар ауыл маңын басып қалған қалың қамыс пен қараусыз қалған тоғай шибөрілердің өсіп-өнуіне ыңғайлы орта болып отырғанын жеткізді.
Бұл жер бұрын ауыл балалары алаңсыз доп тебетін орын болған. Қазір футбол алаңында тек темір қақпа қалған. Ал ауыл іргесіндегі ат шаптырым аумақ ит тұмсығы өтпейтін қалың нуға айналған. Бұл шибөрілердің шектен тыс көбейіп, ауылға жақындауына жол ашқан.
Ал аңшылық инспекциясы шибөрі саны соңғы екі жылда күрт өскенін растап отыр. Олардың сөзінше, биыл мыңға жуық аңды аулауға рұқсат берген. Бірақ шибөрінің терісін еш жерде қабылдамайды. Сондықтан аңшылар бұл аңның ізіне түсе бермейді екен.
«Өсімі де жоғары. Бұлардың санын жыл сайын реттемесе, ауыл тұрғындарына, малға зиянын тигізуі мүмкін. Аулау бойынша жұмысты ауданның немесе ауылдың әкімдіктері әрі қарай жүргізеді. Солардың міндеті. Әуесқой аңшыларды ұйымдастырып, қай аумақта шибөрі қаптап кетті, қандай малға шауып жатыр (соны анықтауы керек — еск.)…» — дейді Жамбыл облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Ниязқұлов.
Қазір өңірдегі биологиялық зерттеу институты аңшылар аулаған шибөрілерден сынама ала бастаған, шибөрі шамадан тыс қаптаған аумақта қандай мал ауруы бар екенін де анықтамақ. Ал ауыл айналасын ну орман басып бара жатқан Майтөбе ауылының әкімдігі өкілдері қалың қамысты өртеп, жиделі тоғайды отауға кірісеміз деп отыр.