Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 2%-ке қымбаттады
Елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жыл басынан бері 2%-ке қымбаттады. Мұндай ақпаратты Сауда және интеграция министрлігі келтіріп отыр. Ең жоғары өсім Ұлытау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Бұған көкөніс бағасының маусымдық қымбаттауы себеп болған. Енді баға қалай реттелмек? Иә, Ауыл шаруашылығы минстрлігінің мәлімдеуінше, кейбір облыстарда көкөністі сату қарқыны белгіленген көлемнен төмен, бұл бағаның өсуіне әкелген. Мысалы, Абай облысында 2,8 мың тонна картоптың 486 тоннасы ғана сатылып, нәтижесінде баға 24,2%-ке өсті. Сол секілді кей өңірлерде сәбіз, қырыққабат және пияз бағасына қатысты да осындай жағдай байқалады. Енді бағаны реттеу мақсатында тұрақтандыру қорларынан өнімдерді саудаға шығару тапсырылды. «Бағаның ауытқуы мен сатудағы қандай болмасын шектеулерді болдырмау үшін тұрақтандыру пункттеріндегі өнім бағасындағы айырмашылықты жою қажет. Сондай-ақ коммуналдық базарлар мен сауда желілерімен тығыз жұмыс істеу керек. Ақпан-наурыз айларында тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді сату және сәуір айында жаңа көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің маусымаралық кезеңде әлеуметтік азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау үшін өңірлермен бірлесіп шешетін басты міндеттері» — Жұманғарин Серік Мақашұлы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша жалпы маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу үшін 158,1 мың тонна көкөніс қоры жиналған. Оның ішінде 85,4 мың тоннасы – картоп, 26,1 мың тоннасы – пияз, 25 мың тоннасы – сәбіз, 21,5 мың тоннасы – қырыққабат. Ал сатылымға келсек, биылғы 12 ақпанға дейін 45,5 мың тонна көкөніс сатылған. Оның 27,1 мың тоннасы – картоп, 6,7 мың тоннасы – пияз, 6,6 мың тоннасы – сәбіз және 5 мың тоннасы – қырыққабат. Нәтижесінде биылғы маусымаралық кезеңге 102,9 мың тонна көкөніс қоры қалған. Оның 52,9 мың тоннасы – картоп, 19 мың тоннасы – пияз, 17 мың тоннасы – сәбіз және 16,7 мың тоннасы – қырыққабат. Темірлан Маратов, Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті басқармасының басшысы: — Тұрақтандыру қорының негізгі міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және нарықтағы маусымдық ауытқулардың алдын алу. Бұл мақсатта қор баға төмен кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алып, оларды сақтау және қажеттілік туындаған жағдайда, әсіресе бағаның күрт өсуі кезінде сауда желілері мен нарықтарға белгіленген төмендетілген бағамен жеткізуді жүзеге асырады. Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – жәрмеңкелер өткізу. Осы орайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлерде және мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелер ұйымдастыруды тапсырды. Мысалы, ел бойынша былтыр 4 мыңнан аса жәрмеңке өткен. Әлия Абдрахманова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы: — Бұның оңтайлы жағы бұл жерде тұтынушылар өнімді тікелей өндірушілерден алады. Яғни делдалдарсыз. Былтыр өткізілген жәрмеңкелерге қарасақ, ұсынылған тауарлар толығымен өтіп жатты. Биыл да енді осындай үрдіс жалғасады. Өңірлерде, мегаполистерде апта сайын жәрмеңкелер өткізіледі.