«TikTok-ты шектеу керек!“ Депутаттар тағы да дабыл қақты
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектновке жолдады.
«Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр. Былтыр әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық», — деді ол.
«Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы тарап жатыр. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес», — деді депутат.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаған. Подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүретін челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан.
«Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып отыр. Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алып отыр», — дейді депутат.
Жанарбек Әшімжан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойғанын, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттегенін мәлімдеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдаған.
«Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.
Біз де жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады», — деді ол.
Депутат Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынамын.
1. ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
2. Елімізде ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептеймсіз.
Еске салайық, бұған дейін сенатор Геннадий Шиповских те TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды.