Қазақстанда электромобиль саны 12 мыңнан асты
ҚР Көлік министрлігі электр көліктерін дамыту және олардың инфрақұрылымын құру бойынша қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын түсіндірді.
— Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда электр қозғалтқыштары бар 12120 автокөлік тіркелген. Сондай-ақ, қазіргі уақытта елімізде 426 электр зарядтау станциясы бар, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
2024 жылғы 18 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Онда елімізде электромобильдерге арналған инфрақұрылымды құру және халықты электромобильдерге көшуді ынталандыру бойынша нормалар ескерілген.
Сондай-ақ, елімізде электромобильдерді дамыту үшін бірқатар шара қабылданды:
— электромобильдер кәдеге жарату алымынан босатылды;
— электромобильдер үшін бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемесі көліктің басқа түрлеріне қарағанда шамамен 2 есе төмен белгіленген.
— Тұрақты маршруттарға қызмет көрсету құқығына конкурстық іріктеуде электробустары бар тасымалдаушыларға артықшылықтар белгіленген. 2018-2024 жылдары жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында өңірлерге 125 электробус жеткізілді.
Былтыр Kazinform тілшісі «электромобильдер адам денсаулығына қауіпті ме?» деген сұраққа сараптама жасады.
Сонымен қатар, электромобильдерді қуаттайтын станциялар ірі көлік дәліздері бойында орнатылатыны мәлім болды.